Жауаптылардың сөзінше, облыстағы 3 бірдей зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Ақтөбеде тағы да автогаз тапшы. Қаладағы жанармай құю бекеттерінің көбінде сұйытылған көгілдір отын жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өзгелері газды талон арқылы сатып жатыр. Ал қолма-қол ақшаға қызмет көрсететін бірнеше орында ұзын-сонар кезек. Соның салдарынан жүргізушілер сағаттап күтуге мәжбүрміз деп налып отыр.
«Ақтөбе қаласында екі апта болды газға кезек көп. Бір-екі сағат күтіп тұрамыз», – деді жүргізуші.
«Ақтөбе бойынша газ барлық жерде жоқ. Дұрыс емес қой, өзімізден шығып жатқан газға қол жетпейді. Амал жоқ, шыдаймыз, екі сағаттап күтуге тура келеді», – деді тұрғын.
Жауаптылардың сөзінше, облыстағы 3 бірдей зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болған. Сондықтан, аймаққа жанар-жағармай қажетті мөлшерде бөлінбей, қыркүйекте 15 мың тонна сұйытылған газдың орнына шамамен 10 мыңы ғана берілген. Жергілікті билік өкілдері жақын арада жағдай тұрақталады деп сендірді.
«2 қазанда 500-ден астам тонна сұйытылған мұнай-газ көлемі жеткізілді. Оның ішінде 335 тонна автокөлікпен, қалғаны теміржол арқылы әкелінді. Сонымен қатар, дефицит болдырмау мәселесіне Ақтөбе облысының әкімдігі Энергетика министрлігімен бірігіп қосымша көлем беру мәселесі пысықталған болатын», – деді Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмас Салықбаев.
Оқи отырыңыз: Созылмалы ұйқы жетіспеушілігі: мамандар 50 минуттан артық жол жүру денсаулыққа зиян екенін дәлелдеген