Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті
Түрксіб ауданындағы 37 көшедегі 51 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аудан тұрғындарымен кездесуінде шаһар басшысы инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмысына айрықша мән беріліп жатқанын да жеткізді. Сондай-ақ жиында 2025 жылдың маусым айында Баум тоғайы мен Үлкен Алматы каналын абаттандыру басталатыны белгілі болды
Жаңалығы көп ауданның бірі – Түрксіб. Себебі мұндағы бизнес субъектілерінің саны 10,4 пайызға өсіп, 30 мыңға жеткен. Сондай-ақ биыл аудан бюджеті 40 процентке артып, 31,6 миллиард теңгеге тұрақтаған. Бүгінде Түрксібтегі 54 шақырымнан аса электр желісін жаңғырту көзделіп отыр. Жиында бұдан бөлек бірқатар мәселелер де талқыланды. Солардың бірі – көшелерді жарықпен қамтамасыз ету.
«Серкебаев көшесінің бойындағы жаяу жүргіншлері өткелінің көбінде жарық жоқ. Осы мәселені шеше аламыз ба?», – деді қала тұрғыны.
«Тапсырма бердім. Алдағы екі айда жұмыстарды аяқтаймыз. Бүгінде шаһарды жарықпен қамтамасыз ету деңгейі жаяу жүргіншілер өткелдерін қосқанда 85%-ға жетті. Ал Серкебаев көшесінде жақында пилоттық жоба іске қосылады. Мамыр айының соңына дейін мәселеңіз шешіледі», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде көшелер мен жаяужолдарға қатысты қойылған сұрақтар да талданды. Ал кәріз желісіне қатысты мәселе көпті толғандырған сауалдардың қатарына енді.
«Жас қанат шағынауданында тұрамыз. Кәріз мәселесі кешіктіріліп жатыр. Тікелей қадағалауыңызға алсаңыз», – деді қала тұрғыны.
«Сәуір айының соңына дейін «Алматы сумен» жұмыстарды аяқтаймыз. Өйткені балансқа қабылдау үшін, құжаттарын реттеу керек. Уайымдамаңыз», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, кездесуде тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Тұздыбастау» қосалқы стансасының салынғаны айтылды. Мекеменің қуаттылығы 40 мегаватт. Қазір құрылыс аумағында кабель тарту жұмысы аяқталып қалыпты. Нысан мамыр айында іске қосылады.
«Тұздыбастау» стансасын қоссақ, Қайрат, Нұршашқан шағынаудандарында тұрақты электр қуаты болады», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Болат Байділдаев.
Жиында «Авиатор» спорт кешенінің құрылысы биыл қыркүйекте басталатыны да белгілі болды. Нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ал дәл осындай заманауи кешеннің бірі Түрксібте екі айдан бері жұмыс істеп тұр.
Бұл орталық 2025 жылдың ақпанында ашылған. Күніне 450-ге жуық оқушы келеді. Кешенде 8 түрлі спорт түрін меңгеруге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ шаһар басшысы басқосуда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясында биыл 32 жобаға қаржы бөлінгенін сөз етті. Ауданда 8 жаңа көпқабатты тұрғын үй салу да жоспарланған.
Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданында 37 көшеде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі