Сусыз қалған Билікөл: Жамбыл облысындағы көл тартылып барады

05.10.2026 16:55

Жұрттың айтуынша, бұрын Билікөлдің суы ауыл шетіне дейін жететін

Жамбыл облысындағы 6 ауылды асырап отырған Билікөл тартылып барады. Тұрғындардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда айдындағы су 300 метрге дейін төмендеп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Билікөл жағасындағы Жаңа өткел ауылы – кеңестік кезеңде еліміздегі ірі балық орталығының бірі. Қазір сол өндірістің орны да жоқ. Тіпті балық аулаумен айналысатын 8-ақ шаруа қалыпты. Оған көлдің жылдан-жылға тартылып бара жатқаны себеп болған.

«Жылқылар, сиырлар батпаққа батып, өліп жатыр. Көлдің суы деген тартылса ауылдағы құдық суы да тартылады. Бәрі көлге байланысты», – деді Жаңа өткел ауылының тұрғыны Пердебек Әбу.

«Су жоқ, балық өліп жатыр. Батпақ ащы бола ма, жағада жүрген балықтар қалқып өліп жатыр. Су  көлге шайылып тұруы керек. Қанша жыл болды 300 метр шқгіп кетті», – деді Жаңа өткел ауылының тұрғыны Сарқытбек Таңатаров. 

Жұрттың айтуынша, бұрын Билікөлдің суы ауыл шетіне дейін жететін. Қазір сол аумақты қалың қамыс басқан. Көлдің кемуіне Аса өзенінің арнасының тартылуы себеп екен. Тұрғындардың сөзінше, соңғы екі жылда көлге өзеннен су мүлде келмеген. Тіпті оған құятын тұсы бекітіліп, бағыты басқа жаққа бұрылғанын айтады. Бұл болжамды жауапты мекеме де жоққа шығармайды. Себебі Талас ауданындағы Ақкөл айдыны да құрғап жатыр екен.

«Ақкөл көлінің техникалық сиымдылығы байланысты 264 млн куб. Өлі көлемі 45 млн куб. Жаз кезінде 50 млн-ға дейін түсті. Сол себептен басым бөлігін Билікөлге 500 лирт болса, ол жаққа 2 куб 1,5 куб ұстап отырдық. Сол жаз кезінде Ақкөл 20-ақ процентпен тұрды. Ал Билікөл 49 пайызында тұрды», – деді  Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Данияр Тойшыбеков.

Жауаптылар соңғы жылдары өзен суының азайып жатқанын айтады. Сондықтан алдағы суару маусымына дейін, Асаны екі көлге бөліп жіберуді жоспарлап отыр. Инспекция басшысының айтуынша, бұл шара Билікөлді толық қалпына келтірмегенімен, ондағы су деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Сұрыптаудан зат алмасуға дейін: Алматыда Recycle Бірге экологиялық акциясы өтті

Толық көрсету