Облыста жедел респираторлық-вирустық инфекция жұқтырғандар саны да өскен
СҚО-да екі адамның шошқа тұмауын жұқтырғаны анықталды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, науқастың бірі - мектеп оқушысы болса, екіншісі – әскери қызметші, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап өтерлігі, екеуі де тұмауға қарсы екпе қабылдамаған. Олар облыс орталығындағы медициналық мекемелерде ем алып жатыр. Мамандардың сөзінше, дене температурасының бірден көтерілуі, бұлшықеттің ауырсынуы, мұрын бітуі, құрғақ жөтел – бұл дерттің негізгі симптомдары. Кейін ауру асқынуы да мүмкін. Шошқа тұмауынан бөлек, облыста жедел респираторлық-вирустық инфекция жұқтырғандар саны да өскен.
"Өткен аптада жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтыру бойынша 4419 жағдай тіркелді. Көрсеткіш 10 пайызға көбейген. Қазір аймақта тұмау вирусы да таралып жатыр. Екі адам ем қабылдап жатыр. Бұл дерт бізде көбінде қараша, желтоқсанда тіркеледі. Ал жаңа жылдан кейін, қаңтардың соңында, ақпанда тұмау өрши түседі", – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Оқи отырыңыз: Маймылдар шабуылы: Вьетнамнан оралған тұрғындар шұғыл екпе салды