Алматылық еріктілер мемлекеттік бюджеттің 2,3 миллиард теңгесін үнемдеуге, қаражаттың оңды жұмсалуына көмектескен.
Алматының Алатау ауданында парақорлықпен күресетін еріктілерге арналған фронт-офис ашылды. Комьюнити орталығындағы кеңсе жергілікті әкімдік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаментінің қолдауымен жұмысын бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоба авторлары бұл жаңашылдық жастардың жауапкершілігін күшейтуге арналған таптырмас алаңға айналатынына сенеді. Себебі алматылық еріктілер мемлекеттік бюджеттің 2,3 миллиард теңгесін үнемдеуге, қаражаттың оңды жұмсалуына көмектескен.
«Жобаның негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғамның күшін біріктіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу. Белсенді азаматтарды, студенттерді мемлекеттік органдардың, бизнестің үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін осы іске ерікті түрде тартқымыз келеді. Жоба 4 негізден құрайды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаментінің превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, еріктілер фронт-офисін қаланың өзге де аудандарында ашу жоспарланып отыр. Олардың айтуынша, бастама жастарды адалдыққа шақырып, қоғамда әділдіктің орнауына үлес қосады.
Атап өтейік, шаһарда жемқорлықтың алдын алу үшін 200-ден аса волонтердің көмегімен бүгінде 10-нан аса кездесу өткізілген.
«Еріктілердің жемқорлықпен күресуіне бағытталған жобаның тиімділігі жоғары. Біз сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысамыз. Бастама арқылы мемлекеттік сатып алу туралы заңның қағидасын бұзғандарды анықтаймыз. Тұрғындардың құқығын қорғауына көмек береміз», – деді ерікті Хадиша Оразбай.
Оқи отырыңыз: Алматыда жұмысшы мамандардың байқауы өтті