Шығыс Қазақстанда су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр

30.03.2026 20:00

Мамандар өзен арналарын тазартып, қауіпті жол учаскелерін бақылауға алды

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алғашқы толқыны күтілуде. Құтқарушылардың мәліметінше, өңір аумағының 85 пайызы әлі де қар астында жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі уақытта мамандар өзендердегі мұзды жарып, арықтар мен су өткізу арналарын тазарту жұмыстарын бастап кетті. Республикалық маңызы бар жолдардың қауіпті тұстарында топырақтан бөгеттер тұрғызылып, қорғаныс шаралары күшейтілген. Айта кетейік, өңірде 70-тен астам елдімекенге су басу қаупі төніп тұрғандықтан, тиісті қызметтер ерекше дайындық үстінде.

«Біз бес елдімекендегі қауіптің алдын алдық. Атап айтқанда, Жаңа Үлбі, Быструха мен Черемшанка ауылдарындағы өзендерде тиісті жұмыстар жүргізілді», – деді Глубокое ауданы ТЖ бөлімі бастығының міндетін атқарушы Константин Боровиков.

Шемонаиха ауданындағы Ұба өзені де басты назарда, себебі мұнда мұз кептелісі жиі орын алады. Жағалаудағы тұрғын үйлерді қорғау үшін мұзды жару жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.

«Бұл – көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жыл сайын атқарылатын жұмыстар. Біз қазір арықтар мен су өткізу арналарының барлығын тазалап жатырмыз», – деді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Сұңғат Аманбеков.

Республикалық маңызы бар жолдарда да ауқымды шаруалар атқарылуда. 88 көпір мен мыңнан астам су өткізу нысаны қардан тазартылды. Мамандардың айтуынша, таулы аймақтардағы учаскелерді бақылауда ұстау аса маңызды, себебі былтыр жолдарды су шайып кету деректері тіркелген болатын.

«Бір жылдың ішінде республикалық жолдардағы қауіпті учаскелер санын 13-тен 5-ке дейін қысқарттық. Кейінгі бес жылда қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары аясында 29 көпір мен 296 су өткізу құбыры салынды», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы бөлімінің басшысы Сымбат Қасенұлы.

Қазіргі уақытта қауіпті деп танылған учаскелер тәулік бойы бақылауға алынып, ескерту белгілері орнатылды. Барлық тиісті қызметтер күшейтілген жұмыс режимінде қызмет етуде.

Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда