Шығыстағы қылқанжапырақты ормандарды небәрі мыңға жуық маман қорғап жүр

24.07.2026 15:31

Кадр тапшылығының басты себептері – баспана мәселесі, ақысыз тәжірибе және ауыр жұмыс

Еліміздегі қылқанжапырақты ормандардың жартысы Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Алайда осынау табиғи байлықты небәрі мың маман ғана қорғап жүр. Норматив бойынша олардың саны қазіргі көрсеткіштен бір жарым есе көп болуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шығыстағы ұлан-ғайыр орман ұдайы бақылауды қажет етеді. Әр аумақты патрульдеу, өрт қауіпсіздігін қадағалау, заңсыз ағаш кесу деректерін анықтау және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгінде осы ауқымды міндеттің бәрін небәрі 1186 адам атқарып жүр.

«Шекарадағы орман шаруашылықтарды, кадрды толтырып жатырмыз. Өткен жылы Зайсан орман шаруашылығының кадры толды. Үлкен Нарым орман шаруашылығы толды. Қазір Марқакөл орман шаруашылығы, содан кейін Верх-Уба орман шаруашылығы кезекте тұр», – деді Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.

Бұл шаруашылықтарға жаңа мамандар тарту үшін алдымен олардың жалақысын көтеріп, бос жұмыс орындарын ашу керек. Маман табылған күннің өзінде, оны салада тұрақтандыру оңай емес көрінеді. Кадр даярлау жүйесі болғанымен, түлектердің бәрі бірдей орман шаруашылығын таңдай бермейді.

«Өзге кәсіпорындарда, мәселен, тау-кен, металлургия және қоғамдық тамақтану салаларында студенттердің өндірістік тәжірибесіне ақы төленеді. Бізде өндірістік тәжірибе бір жылдан бір жарым жылға дейін созылады. Сол кезеңде студенттер жұмысқа қабылданып, жалақы алады», – деді Риддер аграрлық-техникалық колледжінің директоры Сұңғат Асқаров.

Ал болашақ орманшыларда мұндай мүмкіндік жоқ. Олар өндірістік тәжірибеден ақысыз өтеді. Оқу бітірген соң біліктілік талаптары тағы бар. Мысалы, колледж түлектері тек орманшы болып жұмыс істей алады. Ал орман шебері қызметіне орналасу үшін жоғары білім қажет. Соның салдарынан айлық та бірден 100 мың теңгеге азаяды екен. Тіпті орман шаруашылығына келген мамандардың өзі мұнда ұзақ тұрақтамайды. Мәди Құмарханов университетті бітірген соң Риддерге жұмысқа келген. Бірақ екі жылдан кейін қызметінен кетуге шешім қабылдапты.

«Риддер қаласында орман шебері болып жұмыс істеудің басты қиындықтары – пәтер.  Тұратын жерде пәтер жалдау. Сол үшін Өскеменде өз үйімде тұрайын деп бара жатырмын», – деді  орман шебері Мәди Құмарханов.

Кадр тапшылығының басты себептері – баспана мәселесі, ақысыз тәжірибе және ауыр жұмыс. Бұл салада адам күшін техникамен алмастыру мүмкін емес. Өйткені түтінді бірінші болып байқайтын, орманды бақылайтын әрі ұлан-ғайыр алқаптың қауіпсіздігіне жауап беретін – мамандар. Сондықтан өңірге кадр тарту және оларды тұрақтандыру үшін қолайлы еңбек пен тұрмыс жағдайын жасау қажет.

Айжан Дайрабай, Руслан Мұхамедьяров, ШҚО-дан

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл басынан бері заңсыз салынған 41 нысан сүрілді