Шымбұлақта жаңа аспалы жолдар салынып жатыр

06.10.2026 19:59

Бұтақты мен Кімасар шатқалдарында құрылыс басталады

Алматының тау кластерін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде Шымбұлақта жаңа аспалы жолдар салынып, тау шаңғы трассалары кеңейтілуде. Одан кейін Бұтақты мен Кімасар шатқалдарында құрылыс басталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алматы тауларындағы алғашқы өзгерістер Шымбұлақтан байқалады. Қазір курорттың оң жақ бөлігінде екі жаңа аспалы жол салынып жатыр. Мамандардың сөзінше, аталған жұмыстар қысқы маусым басталғанға дейін іске қосылады. Бұдан кейін жоспарда Бұтақты мен Кімасар шатқалдары тұр.

«Қазіргі уақытта аспалы жолдардың станциялары анықталды. Бұл – көпфункционалды ірі нысандар. Мұнда нұсқаушылар мен келушілерге арналған қажетті орындар болады. Бұтақты мен Кімасардағы жобалар келісілді. Аспалы жолдардың орналасуы мен бағыты бекітілді», – деді Almaty Tau Management басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко.

Тау кластерін дамытуда инфрақұрылыммен қатар, жұмыс істейтін мамандарды даярлау да қолға алынған. Мәселен, 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ол үшін алдағы уақытта тау гидтері мен сервистік қызмет мамандарын оқыту жоспарланып отыр.

«Олар тек туристік гидтер ғана емес, құтқарушылар, медицина қызметкерлері, инженерлер, энергетиктер – осының бәрін қосқан кезде, Алматы қаласында 150 мың адамды әлеуметтік жағдаймен қамтамасыз етеміз», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Ермек Қожамсүгіров.

Айта кету керек, бүгінде тауда геологтар мен инженерлер зерттеу жүргізіп жатыр. Яғни, олар топырақтың, жартастар мен тау жыныстарының ерекшеліктерін анықтауда.

«Сондықтан презентацияда көрсетілген әрбір нысан бірден салынады деген сөз емес», – дейді жоба авторлары.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматыда 9 қазаннан бастап тұрғын үйлерге жылу беріледі

Толық көрсету