Студент қыз әлеуметтік желіден жұмыс іздеп жүріп, «боди-массаж» қызметіне тап болғанын еске салайық
Шымкентте 18 жастағы қызды зорлады деп айыпталған жігіт сотта ақталып шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тергеп-тексеру кезінде оның бойжеткенді массаж қызметін жасауға мәжбүрлегені де айтылған. Алайда сот күдіктіге ешқандай жаза кеспеді. Жәбірленуші тарап судьяның шешіміне күмән келтіріп, мұндай шешіммен келіспей отыр.
Бет-жүзін жасырған бұл жас жігіт «қыз зорлады» деп айыпталған. Алайда бүгін ол сот залынан босаталды. Себебі судья тергеу кезінде істі тоқтату туралы қаулы шыққанын негізге алып, күдіктіні кінәсіз деп таныған. Осылайша ауыр айып тағылған азамат ешқандай жазаға тартылмапты.
«120 бабының 1-бөлігімен, 121 бабының 1-бөлігімен тергеу барысында Оңалбайға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы қабылданған. Алайда бүгінгі таңға дейін ол қаулының күші бұзылмаған. Неліктен екені белгісіз, істе тізімдеме де жоқ. Қаулы болған жағдайда, ол сот талқылауында анықталған жағдайда сот талқылауын соңына дейін жеткізіп, ақтау үкімі қабылдануы тиіс», – деді судья Гүлнұр Саттарова.
Алайда бұл шешім жәбірленуші тараптың наразылығын туғызды. Олар сот істі жан-жақты қарамады деп, үкіммен үзілді-кесілді келіспейтінін айтады.
«Екі экспертиза тұр. Қанша куәгер тұр. Бәрі шала. Саттарова анықтаған жоқ. Қыз өзі ұялы телефонына түсіріп алған зорланғанын. Оны да судья анықтатқан жоқ», – деді жәбірленушінің анасы.
Жәбірленушінің өзі сот барысында талай қысым көргенін айтты. Тіпті бойжеткенге жала жауып, оны қамауға алған сәттер де болған.
«Камерада бәрі тұр. Аяқ-қолымнан қой сияқты сүйреген. Дастан сотты сатып алғанын да айтқан. Мені қаматып, өзі ақталып шығатынын айтқан», –деді жәбірленуші.
Еске салсақ, оқиға былтыр жазда басталған. Студент қыз әлеуметтік желіден жұмыс іздеп жүріп, «боди-массаж» қызметіне тартылған. Кейін ол келушілердің бірінен зорлық көргенін мәлімдеді. Жәбірленуші тарап енді апелляциялық шағым түсіріп, істі аяғына дейін жеткізетінін айтты.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Сот жүйесі — құқықтық мемлекеттің берік тірегі