Шымкентте 56 отбасыны пәтер кілті табысталды

11.11.2026 16:10

Жаңа пәтерлер Асар-2, Бозарық және Тұран шағынаудандарында орналасқан

Шымкентте бір күнде 56 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Пәтерлі болғандардың бірі 10 жылдан аса үйлі болуды армандаса, енді бірі бұл күнді одан да ұзақ уақыт сарғая күткен. Қолына өз шаңырағының кілті тигенде қуаныштан толқып, сенер-сенбесін білмегендер де болды.  

«Тұрғын үй кезегіне 2015 жылы тұрдым, 11 жылдай күттім. Мүгедек балам бар», – деді қала тұрғыны Әлия Жақыпова.

Пәтерлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жалдамалы негізде берілді. Алайда тұрғындар болашақта оны жекеменшігіне өткізе алады. Ол үшін әкімдік арнайы жеңілдік те қарастырған. Үйді сатып алу кезінде әр отбасыға бастапқы жарна ретінде 1 миллион теңге беріледі.

«Шымкент қаласында 98 693 азамат тұрғын үй кезегінде тіркелген. 2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға 7 482 пәтер беру жоспарымызда бар. Оның ішінде 3 736 пәтер жалдамалы, 3 746 пәтер несиелік бағытта болады», – деді Тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Саят Исабеков.

Жаңа пәтерлер Асар-2, Бозарық және Тұран шағынаудандарында орналасқан. Мұндағы үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай жасалған. Айналасы абаттандырылып, балалардың асыр салып ойнауына арналған алаңқайлар да бар.

Лаура Бабас, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы жүріп жатқан аумақта көлік қозғалысының сызбасы өзгереді

Толық көрсету