Шымкентте бензовоз өртеніп, жүргізуші қаза тапты
Оқиға 18 қараша күні сағат 16:00 шамасында «Шымкент – Ташкент – Термез» тасжолында болған
Шымкентте жанармай тасымалдайтын жүк көлігі аударылып, өртенді. Қайғылы оқиға салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға 18 қараша күні сағат 16:00 шамасында «Шымкент – Ташкент – Термез» тасжолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, бензовоз аударылып кеткен. Салдарынан жанармай тұтанып, жалын жүк көлігін толық шарпыған. Жолға төгілген отын да өртеніп, өрт 60 шаршы метр аумаққа дейін таралған.
Оқиғаның куәгері Жұмабек Жолдастың айтуынша, ол жарылысқа ұқсас қатты дүмпуді естіп, сыртқа шыққанда бензовоздың жанып жатқанын көрген. Ол дереу 101 нөміріне хабарласып, балалар мен отбасын қауіпсіз жерге көшірген.
«Үйдің ішінде отырған кезде қатты дүмпудің дауысын естідік. Содан сыртқа қарасам, бензовоз аударылып, жанып жатқан екен. Мен бірден телефон алып, 101 нөміріне хабарласып, өрт сөндіру бөліміне хабар бердім. Екіншіден, бала-шағаны қауіпсіз аймаққа көшірдік», – деді куәгер Жұмабек Жолдас.
Өрт сөндірушілер жалынды сөндіргенімен, жүргізушінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Күйіп кеткен жүк көлігінің ішінен ер адамның мәйіті табылды.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.
«18 қарашада сағат 16:00 шамасында жүк көлігі өртеніп, жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері анықталып жатыр», – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.