Полицейлер мұндай қылмыстардың, әсіресе, егде жастағы азаматтарға қатысты жиі кездесетінін атап өтеді
Шымкентте полиция ірі интернет-алаяқтық дерегінің алдын алып, қарт тұрғынға ұрланған қаражатын қайтаруға көмектесті, - деп хабарлайды Almaty.tv.тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар зейнеткерге хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Психологиялық қысым жасап, түрлі айла-тәсілдерді қолданып, әйелді құпия деректерін айтуға және белгілі бір әрекеттер жасауға көндірген. Соның салдарынан оның банктік шотынан қомақты қаржы заңсыз аударылған. Жәбірленушінің арызына жедел әрекет еткен киберполиция қызметкерлері қажетті іс-шаралар кешенін жүргізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ақша аударылған арна дер кезінде анықталып, қаражаттың әрі қарай қолма-қол ақшаға айналдырылуына жол берілмеді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге 9 млн теңгені қайтарып берді. ️ Полицейлер мұндай қылмыстардың, әсіресе, егде жастағы азаматтарға қатысты жиі кездесетінін атап өтеді.
"Осыған байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырады. Жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін ешкімге жария етпеу қажет. Күдікті қоңырау түскен жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз", - делінген ІІМ хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 167 мың адамға АӘК тағайындалды: қанша қаржы бөлінді