Қазір 28 жастағы ер адам қамауда отыр
Шымкентте 21 жастағы бойжеткенді пышақтап, айуандықпен өлтірді деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елді дүрліктірген қанды қылмыстан кейін полиция қызметкерлері кінәлі азаматты жедел іздестірген. Арада екі күн өткен соң ол қала сыртында қолға түсті. Қазір 28 жастағы ер адам қамауда отыр.
Айта кетсек, қайғылы оқиға 11 қаңтарда тұрғын үйлердің маңында болған. Күдікті азамат жас қызды қуалап жүріп, бірнеше мәрте пышақтаған. Онымен қоймай, марқұмның бетін де тілгілеп тастаған. Содан кейін ол қылмыс орнынан қашып кеткен.
«Күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметке сәйкес күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Абай ауданы Полиция басқармасының бастығы Ернар Алтаев.
Шымкентте жас қыздың денесін туыстары мәйітханадан алғанын жазғанбыз.