Шетелдік қонақтар тек көже пісірумен шектелмей, өз елінің ұлттық тағамын да ұсынды
Көктем шуағымен бірге келген Әз-Наурыз Шымкент шаһарын ерекше ажарға бөлеп, думанға айналдырды. Қала төрінде әлемнің түпкір-түпкірінен келген 10 аспаз қазан көтеріп, Наурыз көже дайындады. Шетелдік қонақтар тек көже пісірумен шектелмей, өз елінің ұлттық тағамын да ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін әл-Фараби алаңы ақ отауға толып, мерекелік думанның ортасына айналды. Мұнда алуан түрлі дәм әзірленіп, қонақтарға ұсынылды. Өзбекстан мен Қырғызстан ғана емес, алыс Швейцария мен Сербия елдерінен келген аспаздар да өз өнерін көрсетті. Балқан түбегінен келген шебер ұлттық тағамын әзірлеп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
«Лесковачка мучкалицаны» дайындап жатырмын. Бұл — грильде қуырылған ет. Оған пияз, қызанақ пен дәмдеуіш қосамыз. Кейін көкөністермен бірге бұқтырамыз. Бұл біздің ұлттық тағамымыз. Шымкентке келу мен үшін қуаныш болды. Халқы өте қонақжай. Қала да әдемі. Қазақстанды қатты жақсы көремін», – деді аспаз Даниела Пантич (Сербия).
Алаңдағы дәмді тағамдар мұнымен шектелмеді. Аспаздар, тіпті көліктің үстінде кәуәп пісіріп, жұртты таңғалдырды.
«Шынын айтқанда, бұл – ағамның көлігі. Идея келіп, жартысын сұрап алып, кесіп істедік. Әр жылы осы Наурыз –фест, гастро-фестке қатысамыз», – деді аспаз Нұрқанат Әуенов.
Халықаралық гастро-фестивальде түрлі ойын-сауық бағдарламалары да ұсынылды. Цирк әртістерінің қойылымдары мен домбырашылар өнері қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
«Өлкемізде өте керемет Әз-Наурыз болып жатыр. Біз осы мерекеге келгенімізге қуаныштымыз. Көптеген шетелден мықты аспаздар келді. Біз оған жа қуанып жатырмыз», – деді қала тұрғыны Сарбиназ Кәдірқұлова.
Шымкенттегі мереке мұнымен аяқталмайды. Қала жұрты Әз-Наурызды әлі бірнеше күн тойламақ. Сахнаны түрлі эстрада жұлдыздары жарқыратса, аспанға көтерілген дрондар шоуы халықты таңғалдырмақ.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков
Оқи отырыңыз: Түйе үстіндегі дәлдік: алматылық спортшы әлемдік рекорд орнатты