Шымкентте отбасылық жанжалдың алдын алу бойынша рейдтер жалғасып жатыр

17.07.2026 20:57

Жыл басынан бері 4 мыңнан астам шақырту түскен

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері артып барады. Жыл басынан бері полицияға отбасылық жанжалға қатысты 4 мыңнан астам шақырту түскен. Сондықтан тәртіп сақшылары алдын алу жұмыстарын күшейтіп, үй-үйді аралап жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бет-жүзін жасырып, атын атамауды сұраған әйел төрт жыл бойы туған ұлынан жәбір көргенін айтады. 40 жастағы баласы ішімдікке сылқия тойып алып, үй ішін ойрандайды екен. Перзентінен қорлық көрген ана ақыры полициядан көмек сұрауға мәжбүр болған.

«Бұрын ешкімнің сөзін тыңдамайтын. Қатты ішімдікке салынып жүрді. Үйді қиратып, берекемізді кетіретін. Апталап ұйқы көрмейтінбіз. Басында үйдегі заттарды сатып, ішімдікке жұмсайтын. Кейін түзелгеннен кейін қазір тоқтады», – деді жәбірленуші.

Полицейлер мұндай шақыртулардың соңғы кезде жиілегенін айтады. Көп жағдайда күйеуі әйеліне қол көтерсе, енді бір отбасында балалар ата-анасына күш көрсетеді. Тіпті әйелдердің ер азаматтарға зорлық-зомбылық жасайтын жағдайлары да кездеседі.

«Ондай жағдайда, ең алдымен, көмек көрсетуге тырысамыз. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хаттама толтырамыз. Егер дене жарақаты анықталса, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Біз мұндай іс-шараларды күнделікті өткіземіз. Негізгі мақсатымыз – отбасында болатын құқықбұзушылықтардың алдын алу», – деді Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімнің басшысы Әсел Әбжаппарова.

Ал психологтардың айтуынша, отбасының берекесін кетіретін себеп көп. Соның ішінде ең негізгісінің бірі – қаржы тапшылығы. Күнкөріс қиындығы, қарыз бен жұмыссыздық отбасындағы жанжалдың ушығуына әсер етеді.

«Ең алдымен, мәселе материалдық қиындықтардан туындайды. Тұрғындармен сөйлескен кезде көбі қаржының жетіспеушілігін айтады. Жұмыссыздық, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну да мұндай жағдайлардың көбеюіне себеп болып отыр», – деді Жастар ресурстық орталығы бөлімінің басшысы Айгүл Қанатқызы.

Қазір мұндай шақыртуларға полицейлермен бірге психологтар да барады. Олар жанжалдың мән-жайын анықтап қана қоймай, жәбірленушілерге психологиялық қолдау көрсетіп, әлеуметтік көмек алу жолдарын түсіндіреді. Мамандардың айтуынша, дер кезінде көрсетілген көмек тұрмыстық қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, "Алматы" телеарнасы, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Бір QR-код барлық банкте: Қазақстанда жаңа төлем жүйесі іске қосылады