Мамандандырылған ауданаралық сот айуандық әрекетке барған әкенің кінәсін толық дәлелдеп, қатаң үкім кесті
Шымкентте туған қызына жылдар бойы қорлық көрсетіп келген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Кәмелетке толмаған перзентінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған азамат енді өмірінің соңына дейін темір тордың арғы жағында отырады, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Сұмдық оқиға былтыр желтоқсан айында әшкереленген болатын. Тергеу барысында анықталғандай, қыз бала небәрі 11 жасынан бастап әкесінің тауқыметін тартып келген. Қорқыныштан ешкімге тіс жара алмаған жасөспірім шыдамы шегіне жеткенде ғана полицияға шағымданған. Сол уақытта 15 жасқа толған студент кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына психологиялық және физикалық ауыр жағдайда жеткізілген еді.
«Жәбірленушіге ата-анасы бола тұра күш қолданып және оның дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасады деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды. Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ балалармен жұмыс істеу және педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан да біржола айырды», – деп хабарлады Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімімен сотталушы тек бас бостандығынан ғана емес, сонымен қатар кәмелетке толмағандармен байланысты кез келген қызмет түрімен айналысу құқығынан өмір бойына шеттетілді. Бұл жаза қылмыстың аса ауырлығы мен қоғамға төндіретін қаупіне сай тағайындалып отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы