Түркістан облысының Жетісай ауданында бір айда түскен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 15 есе асып түскен
2026 жылдың шілде айындағы аптап ыстықты қазақстандықтар көпке дейін ұмытпайтыны анық. Өткен айда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-4 градусқа жоғары болғанын Қазгидромет те растайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Метеорологтар келтірген дерекке сәйкес, Шымкентте ауа температурасы +45,2 градусқа дейін жетті. 16 және 17 шілдеде 1915 жылғы, яғни 111 жыл бұрынғы рекордтар жаңарды. Бұл күндері ауа температурасы +41,1 және +40,1 градус болған.
Алматыда шілдеде бірден төрт температуралық рекорд жаңарған. 16 шілдеде – +38 градус, 17 шілдеде – +39,2, 18 шілдеде – +40, ал 20 шілдеде – +41,5 градус тіркелді.
Түркістанда +47,6 градусқа жеткен ыстық тіркелсе, Қызылордада ауа температурасы +45,2 градусқа дейін көтерілген. Астанада бұл айда ең жоғарғы температура +38,6 градус болса, Өскеменде күн +39,7 градусқа дейін ысыған.
Бұған қоса шілдеде кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан бірнеше есе жоғары болған. Мысалы, Түркістан облысының Жетісай ауданында бір айда түскен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 15 есе асып түскен.
Оқи отырыңыз: Алматыда 17-23 тамыз аралығында ауа райы қандай болады