Шымкентте жылу желілерін енді жасанды интеллектісі бар робот тексереді

15.07.2026 20:41

Биыл қаладағы магистральдық жылу желісінің 5 шақырымы осы роботтың көмегімен тексеріледі

Шымкентте жылу желілерін тексеруге жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін робот қолданылып жатыр. Отандық мамандар әзірлеген құрылғы бүгінде 800 метрге жуық құбыр желісін зерттеген. Егер технология тиімділігін дәлелдесе, жоба Қазақстанның өзге өңірлерінде де енгізілмек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұрын жылу құбырларының жағдайын анықтау үшін жол жабылып, асфальт қазылатын. Енді робот құбыр ішін лазерлі сканерлер мен бейнекамералар арқылы тексеріп, ақауларды дәл анықтайды. Соның арқасында бірнеше аптаға созылатын диагностика онлайн режимде жүргізіліп, уақыт пен қаржы үнемделеді.

«Диагностикалаудың нәтижесінде жылу желілерін жөндеу жұмыстарының шығындарын 20 пайыздан 75 пайызға дейін азайтамыз деген жоспар бар. Ұлттық жоба аясында 17 шақырым магистральдық құбырды жөндеу көзделген. Диагностика нәтижесіне сәйкес жөндеу жұмыстарының нақты жоспары бекітіледі», – деді Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Ерболат Мамырхан.

Биыл қаладағы магистральдық жылу желісінің 5 шақырымы осы роботтың көмегімен тексеріледі.

Мамандардың айтуынша, құрылғы құбырлардың тозған бөліктерін алдын ала анықтап, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.

«Талдау нәтижесінде қай учаскені қашан жөндеу қажет екенін бес жылға дейін алдын ала болжай аламыз. Кейін шешімді құбырға жауапты мамандар қабылдайды. Жалпы цифрландыру жобасы жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді», – деді мердігер Әзілхан Бапаев.

Қазір Шымкенттегі ішкі және магистральдық жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838 шақырымды құрайды. Биыл оның 16 шақырымы жаңартылады. Жұмыстар Ұлттық жоба аясында жүргізіліп, жылу жүйесінің тозу деңгейін 35 пайызға дейін төмендету жоспарланған.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, "Алматы" телеарнасы, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Ұлытауда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қызметке қолжетімділігі мәселесі көтерілді