Шымкенттегі әскери қызметшінің өлімі: Ұлттық ұлан түсініктеме берді

10.01.2026 18:00

Аталған іс ерекше бақылауға алынғаны атап өтілді

Аlmaty.tv

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан мерзімді әскери қызметшінің қайтыс болу жағдайына байланысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

– Әскери қызметші әскери бөлімге 2025 жылғы 9 желтоқсанда келген. Ол алғаш рет медициналық көмекке 17 желтоқсанда жүгінді. Осы сәттен бастап оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, талдаулар тағайындалып, тиісті тексерулер жүргізілді. Ол медициналық мамандардың тұрақты бақылауында болды. 29 желтоқсанда денсаулығының күрт нашарлауына байланысты оны ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындап, Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне жеткізілді. Өкінішке қарай, 2026 жылғы 6 қаңтарда барлық қабылданған шаралар мен көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, жүрек қызметінің тоқтауы тіркелді. Алдын ала диагноз – жедел лейкоз, - делінген хабарламада.

Аталған іс ерекше бақылауға алынғаны атап өтілді.

– Осы дерек бойынша әскери-тергеу департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта барлық қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында, - деп түсіндірді ведомство өкілі.

Бұдан бұрын Шымкентте сарбаздың қайтыс болуына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Оқи отырыңыз: Шымкентте сарбаз өлімі тіркелді: Ұлттық ұлан мәлімдеме жасады