Сыңарын тастап кете алмаған: Баянауылда үсіп қалған аққулар құтқарылды

14.12.2025 17:34

Қазіргі таңда аққулардың жағдайы жақсы екені айтылды

Depositphotos.com

Павлодар облысына қарасты Баянауылда үсіп қалған аққулар құтқарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде аққуларды ажалдан арашалап қалған жанашыр тұрғын туралы әсерлі оқиға болды. Торсықбай өзенінде қатты аяз салдарынан аналық аққудың аяғы мұзға жабысып қалып, қозғала алмай қалған. Ал аталық аққу сыңарын тастамай, жылы жаққа ұшып кетпей, қасында күтіп отырған.

– Аналық аққудың аяғы үсіп қалды. Қазіргі уақытта оны емдеп жатырмыз. Ал аталығы қатты әлсіреп, ұша алмады. Сондықтан екеуін де үйге әкеліп, аман алып қалдық. Көктемге дейін жағдайларын жасап, күтім көрсетеміз. Алдағы уақытта аққулардың видеоларын бөлісіп отыратын боламын, – деді оларды құтқарған Бауыржан Жақыпов.

Қазіргі таңда аққулардың жағдайы жақсы. Құстар жылы жерде, уақытылы қоректеніп жатыр. Тұрғынның айтуынша, алаңдауға себеп жоқ.

Оқи отырыңыз: Анасы дәрігерлерді кінәлайды: Жезқазғанда екі жасар қыз жансақтау бөліміне түсті