Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 380 миллион теңге бөлінген
«Сынған әткеншектер, тот басқан сырғанақтар мен ескірген құрылғылар». Қалада тұрса да ойын алаңдарына көңілі толмайтын Сәтбаев тұрғындары дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жазғы демалыста балалар бос уақытын аулада өткізеді. Алайда тұрғындар ойын алаңының қазіргі жағдайды балдырғандарға қауіпті әрі қолайсыз екенін айтады. Сәтпаев жұрты мәселені бірнеше рет жауапты мекемелерге жеткізгендерін алға тартып отыр. Олар аулаларға заманауи әрі қауіпсіз ойын алаңдарын орнатып, ескілерін жаңартуды сұрайды.
«Балалар алаңының жағдайы көңіл көншітпейді. Былтыр әкімдік өкілдері «биыл жоспар бойыншы жөнделеді» деген. Шарбақтарымыз жоқ, песок ол жоқ. Әйтеуір футбол алаңын жасап еді, оның өзі қисайып қалды. Алаңда ойнаған балалар құлап, қолын сындырып жатыр. Қанша айтып жатырмыз, ешкім құлақ асып жатқан жоқ», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Орал Карина.
«Балалармыз құлап, аяқ-қолын сындырып бітті. Жылда әкімнің қабылдауына барамын, жылда келетінін айтады. Үш жыл өтіп кетті», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Роза Ысқақова.
Мұндай көрініс тек бұл аулада ғана емес. Қаланың әр түкпірінде осындай жағдай. Тіпті орталық көшелердегі ойын алаңдарының жағдайы да көңіл көншітпейді. Сәтбаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы қаланың төменгі бөлігінде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 380 миллион теңге бөлініп, 28 балалар ойын алаңы, 3 шағын футбол алаңы және 4 жаттығу кешені салынған. Қазіргі таңда жаңа ойын алаңдарын салуға қаржы қарастырылып отыр. Дегенмен жауапты мамандар тұрғындардың да бастамашыл болуы маңызды екенін айтады. Яғни «Халықтық бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындар өз аулаларына ойын алаңын салу туралы ұсыныс беріп, бюджеттен қаржы бөлдіре алады.
«Биыл қала бойынша 10 балалар ойын алаңы орнату жоспарланған. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 280 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар қолданыстағы балалар ойын алаңдарын, футбол және жаттығу алаңдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалды», – деді Сәтбаев қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Әшім Мұхамбетәлі.
Балаларға қауіпсіз әрі жаңа ойын алаңы қажет. Сондықтан тұрғындар тозығы жеткен ойын алаңдары жуық арада жаңартылып, бүлдіршіндерге лайықты жағдай жасалады деп сенеді
Алтынгүл Төлегенова
Оқи отырыңыз: Алматыда жол қозғалысын ұйымдастыруға арналған жаңа шешім енгізіліп жатыр