Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады
Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Шыңғыс Әрінов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында құқықтану, Азаматтық авиация академиясында тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану мамандықтары бойынша білім алған.
2006-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі офицерлік және басшылық қызметтер атқарған.
2022-2024 жылдары Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы болды. 2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.
Мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл» және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан алғыс хаттар алған.
Оқи отырыңыз: Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды