Республика бойынша білім ошақтарындағы тамақтану орындарында 200-ден астам заң бұзылғаны анықталған
Мектеп асханаларындағы жағдай мәз емес. Республика бойынша білім ошақтарындағы тамақтану орындарында 200-ден астам заң бұзылғаны анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Павлодардағы шулы жағдайдан соң министрлік елдегі барлық оқу ордаларына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде күнделікті ұсынылатын тағамдардың дұрыс сақталмай, бала мәзірі талапқа сай болмай шыққан. Олқылықты түзету үшін Бас мұғалім мекеме басшыларын тікелей жауапқа тартып жатқанын айтты.
"Аймақтарда тиісті тексерулерді ұйымдастыру және тиісті осы міндеттін атқармай отырған мекемелердің басшыларына шара қолдануды сол жердегі бақылау департаменті арқылы қадағалап отырамыз", – деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Ал сынып жетекшісі болған мұғалімдерге төленетін төлем көлемі өсуі мүмкін. Ұстаздардың сағатынан бөлек саналатын ақыны министрлік 30 мың теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бас мұғалім халықаралық тәжірибені зерттей келе, мәселені пысықтап жатырмыз деп сендірді. Оның айтуынша, қазір 1-сыныпқа бас-көз болған педагогтер 10 мың теңге шамасында алып жатқан көрінеді. Жаңа бастама қаржы министрлігіне ұсынылған.
"Заң қабылданған шеңберінде сынып жетекшілік үшін қосымша ақы төлеу қолға алына бастады. Оның бүгіндегі шекті саны 10 мың теңгенің маңайында. Бұл – балалармен қосымша жұмыс, сабақ емес. Халықаралық тәжірибені зерттей келе мәселені тиісті деңгейде көтеруді ойластырып отырмыз. Басқа мемлекеттерде 20-30 мың теңге көлемінде төленеді. Сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақыны да осы деңгейге жеткізу бағытында бірнеше зерттеулер мен есептеулер жүргіздік", – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Оқи отырыңыз: Әлем чемпионы атанған Қайпановқа қымбат көлік сыйға тартылды