Сыр өңірінде балықтарды суға жіберу науқаны басталды

Биылғы меже – 12 млн. 420 мың шабақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Цифрлық технология балық шаруашылығы саласына да енгізіліп жатыр. Сыр өңірінде тәлімбақта өсірілген балықтарды суға жіберу науқаны басталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тіршілігі теңізбен біте қайнасқан Арал маңындағы жиырмаға жуық елдімекеннің негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Судан маржан сүзген балықшылардың олжасы ортаймас үшін оның қорын молайту маңызды. Тиімді жолы – арнайы тоғандарда шабақ өсіру. Шыны керек, шүпірлеген шабақты санау оңай емес.  Бұл ретте, жаңа технология жұмысты жеңілдетпек. Қазір мамандар арнайы құрылғыны сынақтан өткізіп жатыр. 

«Бельгиядан шығарылған тірі балық санайтын аппарат келген. Тірі балықты санауды сынақтан өткізіп тұрмыз. Аппаратымыз толыққанды санайтын болса тиімділігі мол болады», – деді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Есенбай Есіркепов

Қазір балықшы қауым тұқымбақта жетілген шабақтарды су айдындарына жіберіп жатыр. Биылғы меже – 12 млн. 420 мың шабақ. Мерзіміне қарай бір және екі жаздық болып бөлінеді. Мақсат – өзен, көлдерде балықты молайтып, теңіздегі тіршілікті түлету.

«Тәжірибе бойынша жылда өсімін жоғары байқап жатырмыз. Ғылыми зерттеу Кіші Аралда жүргізген жұмыстар бойынша карб, сазан, толстолоб, амур балықтарының өсіп келе жатқаны белгілі. Соған қарап пайызын айтатын болсақ, 30-40 пайызға бейімделіп, 30-40 пайызға өсімі мол деп айтуға болады. Соңғы ғылыми зерттеу жұмыстарының есебі бойынша Кіші Арал теңізінің тұздылығы 8-9 промиллде», – деді «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» Арал аудандық филиалының  бөлім меңгерушісі Нұрлан Самбаев.

«Қамыстыбас» балық питомнигі – Арал өңіріндегі тіршіліктің тамыршысы. Теңіз тартылып, балық қоры азайғанда мекеме ғылыми негізде жұмыс істеді. Тәлімбақтағы тағы бір жаңалық – бағалы балық түрлері қаяз бен бекірені баптау. 

«Балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы қаяз балығының санын 1500 басқа жеткізу керек болатын. Биыл қолдан уылдырық алу жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда саны 3 мыңнан асты. Теңізде жоқ, арнайы Атыраудан алдырып, бағып отырмыз, 7 тірі балығымыз бар. Олардың да салмағы көтеріліп жақсы өсіп келе жатыр», – деді  «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК директоры Сәкен Мырзағазиев.

Шынында бабын білгенге балық та байлық. Ал бағалы балықтарды баптау – ата кәсіпті серік еткен тұрғындардың табысын еселеуге таптырмас мүмкіндік.

Асқар Сәрсенұлы, Еркебұлан Батырбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Қаражат қайда жұмсалады: Алматының бюджеті қайта нақтыланды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров