Сыр өңірінде күріш ору науқаны басталады

17.08.2026 20:16

Биыл аймақта 186 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, соның 70,1 мың гектары күріш

Сыр өңірінде бір аптадан кейін күріш ору науқаны басталады. Егіске ерте көктемнен кіріскен шаруалар қазір атыздарды байлап, алқаптың кепкенін күтіп отыр. Өңірде іске асырылған лазерлік технологияның арқасында өнім көлемі де артқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Күрішші Жарқынбек Ермағанбетов ширек ғасырдан бері Сыр салысын баптаумен айналысып келеді. Биыл диқан өзіне бекітілген алқапты заманауи лазерлік тегістеуден өткізіп, сапалы тұқым егіпті. Танабы да тіршілік нәрінен тарыққан емес. Еңбек адамының айтуынша, күріштің шығымы жаман емес.¤

«Күнде сағат 06:00-де күн қызам дегенше келіп, аралаймыз. Суын көреміз, ауырып қалма ды, тексереміз. Күріштің ауруы бас ала бастаған кезде басталады.. Дер кезінде алдын алып, күніге екі мезгіл қарап отырамыз. Күріштің әр сабағын алып, дәнін санаймыз. Содан есептейміз. Біздікі әлі санаққа келмей жатыр, асты көктеу болып тұр. Шамалы сабағы толғанда санаймыз», – деді шаруа Жарқынбек Ермағанбетов.

 Биыл аймақта 186 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, соның 70,1 мың гектары күріш. Сонымен қатар өңір диқандары суды аз қажет ететін дәнді жүгеріні 5 есе көбейткен.

Айта кетейік, өңірде былтырдан бастап су үнемдеп, өнімділікті арттыратын лазерлік тегістеу технологиясы іске аса бастады. Биыл аталған жаңа технология 65 мың гектарға қолданылған. Ғалымдардың айтуынша, жерді тегістеу арқылы су көлемін 25-30 пайызға дейін үнемдеуге болады.

«Вегетациялық кезең былтырғы жылмен салыстырғанда тұрақты жағдайда атқарылды. Су тапшылығы орын алған жоқ. Үкіметтің жол картасы мен мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 10 мың 900 гектарға қысқартылды. Күріштің даму фазасына келер болсақ, бүгінгі таңда 75 пайызы гүлдену фазасында және қалған 12 пайызы сүтті пісу фазасында. Күріш атыздарында суды байлау жұмыстары жүргізілуде, 70 мың гектар күріштің 9 900 гектарының суы байланды», – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Асылжан Жарылқасынов.

.Бүгінде облыста 700-ге жуық шаруашылық күріш өсіреді. Солардың көпшілігі су үнемдеу технологиясына ойысты. Мәселен былтыр 8 мың гектарға осы әдіс қолданылса, биыл 15 мың гектарға жуық күріш алқабы тіршілік нәрі үнеммен пайдаланып жатыр. Соның арқасында өнім де жақсы. Енді диқандар жаздай баптаған өнімді дер кезінде орып алуға дайындалып жатыр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы.

Оқи отырыңыз: Алматылықтардың сүйікті демалыс орны: қала субұрқақтары несімен тартымды

Толық көрсету