Сыр өңірінде су үнемдеудің инновациялық технологиясы қолданыла бастады

31.08.2026 16:59

Мемлекеттік қолдау арқылы 4 млрд теңгеден астам қаржыға 7 құрылғы алынды

Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында Сыр өңірінде инновациялық технология қолданылып жатыр. Жаңа құрылғылар егін алқабындағы су шығынын азайтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының тәжірибелік алаңындағы егін бірер күнде жиналады. Ғалымдар биыл суды үнемдеу бағытында жаңа технологияны қолданысқа енгізген. Мемлекеттік қолдау арқылы 4 млрд теңгеден астам қаржыға 7 құрылғы алынды. Қондырғылар телефон арқылы қашықтан басқарылады. Сағадан өтетін судың көлемін диқандар смартфон арқылы біліп отырады.

«Ауылшаруашылық министрлігімен берілген мемлекеттік қолдау жобасы аясында арнайы су үнемдегіш технологияларына арналған суды есепке алу, жіберу қондырғылары алынған болатын.Бұл қондырғылар қашықтықтан, мобильді телефонмен басқарылып, қанша су өтіп жатыр, соның мүмкіндігін көріп отырмыз. Мемлекеттік инвестициялық жоба аясында 7 қондырғы алдық, оның ең үлкенін бас сағаға,қалғандарын күріш атыздарына, суару каналдарына қойып отырмыз», – деді Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов.

Мамандар жылдамдықты өлшеу арқылы атызға жіберілген судың көлемін анықтайды.

«Бұрын қолданыста болған ГР-21 үлгісіндегі вертушкаларда сигналдар қолмен есептеліп, лопасть толық бір айналып орнына келгенше шамамен 20 айналым күтілетін. Ал қазіргі қолданысқа енгізілген ГРМ-1 аспабының жұмыс істеу принципі әлдеқайда жетілдірілген. Онда сигнал бірден беріледі және айналымдарды қосымша есептеп жату қажет емес, аппараттың өзі автоматты түрде есептеп, су ағынының жылдамдығын дереу анықтайды», – деді техника ғылымдарының кандидаты Ырысбек Молдаш.

«Бұл –  өте керек құрылғы. Өндіріске енуі керек. Біз классикалық тәжірибеде көрдік. Суды үнемдеуге бағытталған өте керемет үлгісін көріп отырмыз. Шаруашылықтарға таратып, ғылыми тұрғыда сүйемелденсе, нәтижесін береді деп ойлаймыз», – деді

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» облыстық филиалы директорының орынбасары Өркен Баймаханов.

 Институтқа қарасты 1400 гектар суармалы егін алқабы болса, ауыспалы егіс сызбасына сәйкес 600 гектарына күріш, қалғанына арпа, бидай, жоңышқа, түйе жоңышқа егілген. Сондай-ақ суды аз қажет ететін дақыл – жүгері, қант құмайы мен арпаның құрғақшылыққа төзімді сорттарын шығарып, тұқымын көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы

Оқи отырыңыз: Үскірік аяз, ылғалды қар және бұршақ: қыркүйектің алғашқы күндеріндегі ауа райын болжамы

Толық көрсету