Сыр өңірінде түкті кілем шеберлерінің мектебі ашылды

Шеберлер мектебі  ұлттық мұраны сақтау мен дамытуды көздейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың кілем тоқу өнері жанданып жатыр. Сыр өңірінде түкті кілем шеберлерінің мектебі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түкті кілем тоқу – кенже қалған өнердің бірі. Сондықтан бұл бұйымды әзірлеудің байыбына баратындар аз. Мектепті ашудағы мақсат – осындай олқылықтың орнын толтыру. Қолөнерді сақтаумен қатар, шеберлердің жаңа буынын қалыптастыру.

«2024 жылы техникалық грант ұтып алдық. Мақсат – түкті кілемді жаңғырту. Сондықтан осы мектеп ашылды. Мұғалімдерді үйретіп жатырмыз», – деді Юнесконың материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Жанерке Шайғозова.

Түкті кілем тұрмыста сұлулық қана емес, жылулық та сыйлайды. Көздің жауын алатын көне бұйымның қолдан тоқылған, сапалысына сұраныс жоғары. Қазір кілемнің көбі зауыттағы дайын жіптермен тоқылады. Ал бұрынғыдай жүннен иірімжіп жасап, оны табиғи бояумен өңдеу дәстүрі сиреген.

«Соңғы жылдары түкті кілем жойылып бара жатыр. Ол Қызылордада, Маңғыстауда жақсы дамыған. Сол себепті ЮНЕСКО-ның қолдауымен алғашқы қадамымызды ашып жатырмыз. Мектепте технология сабағынан беретін мұғалімдер келіп отыр. Қазір 13-14 мұғалім әр мектептен екеуден келіп отыр. Олар кейінгі ұрпаққа түсіндіріп, үйретеді», – деді ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі Қарлығаш Ілиясова

Шеберлер мектебі – ұлттық мұраны сақтау мен дамытуды көздейді. Алты ай уақыт түкті кілем тоқудың әдіс-тәсілін үйренген қатысушылар оны жас буынға дәріптейді. Тәжірибелі шеберлерден тәлім алған мамандар дайын өнімдерін көрмеге шығаруды да жоспарлап отыр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Astana Media Week 2025: жасанды интеллект медиа саласына қалай әсер етеді

Новости партнеров