Сыр өңіріндегі медициналық серпін: соңғы 4 жылда 41 денсаулық сақтау нысаны жаңартылды

19.06.2026 19:16

Үш жылда құрал-жабдықпен қамтуға 16 млрд теңге бөлініпті

Адамның байлығы – денсаулық. Ал сол байлықты сақтайтын медицина болса, оның мықтылығы – мемлекет қамқорлығының көрінісі. Соңғы жылдары Сыр өңірінде денсаулық сақтау саласы тың серпін алып, ауыл мен қаладағы медициналық қызметтің сапасы жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алтын қолды хирург атанған Абдулла Шүленбаев жарты ғасырдан астам ғұмырын медицинаға арнаған. Мыңдаған науқастың дертіне дауа тапқан дәрігер талай қиын кезеңді бастан өткерген. Ол заманауи құрылғылар жоқ уақытта да күрделі оталарды сәтті жасап, халықтың сеніміне ие болды. Қазір уақыт өзгерді, технология жетілді. Бірақ дәрігердің басты қасиеті өзгерген жоқ. Ол – білім, тәжірибе және адамға деген мейірім. Абдулла Сыздықұлы Ата заңның негізгі бағытын өмірлік ұстаным етіп келеді. Бүгінде ардагер хирург емдеу ісімен қатар, өзінен кейінгі буынға жол көрсетіп жүр.¤

«Бұрынғы заманда қазіргідей  техника, компьютер, УЗИ жоқ, Қазіргі заманда жұмыс істеу жеңілдеді. Диагноз қою оңай. Науқастардың түрі де ерекше. Бәріне білім, тәжірибе керек. Мамандарға көмектесетін аппарат бар, жастар білімді, тәжірибесі мол. Басы – академик Баймаханов», – деді жоғары санатты хирург, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Абдулла Шүленбаев.

Тәжірибелі маман палатадағы пациенттердің хәлін сұрап, ахуалын жіті бақылауда ұстайды. Дәрігер көмегінен кейін, жағдайы жақсарған тұрғындардың да алғысы ерек.

«Демалыс күні ауыр хәлде түстім. Дәрігерлер қолдан келген көмегін көрсетті. Операциядан кейін басымды көтеріп, хәлім жақсарды. Барлық, медбикеге, ақ халатты абзал жандарға алғысымды білдіремін!» – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлмира Қанибай.

 Ал ана мен бала саулығының сақшысына айналған Фатима Қосназарова 30 жылдық тәжірибесінде мыңдаған ананы аман-есен босандырған. Қолы жеңіл, тәжірибесі мол дәрігер талай шақалақтың кіндік шешесі атаныпты. Қазіргі таңда облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық бөлімшесінде жұмыс істейді.

«Бұл көпбейінді облыстық ауруханасының негізінде акушерлік бөлім 2024 жылы ашылды. Сол уақыттан бастап акушер-гинекологпын. Әрбір босануға келген анаға кәсіби, жанашырлық, адамгершілік тұрғыдан қызмет етіп келемін. Перзентін қолына алған кездегі ана мен бала бақыттын көріп, мен де бақытты болам», – деді акушер-гинеколог Фатима Қосназарова.

Өңірде соңғы 4 жылда 41 денсаулық сақтау нысаны жаңартылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық бекеттер ашылды. Ауыл тұрғындарына шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі кеңейді. Тек ғимарат емес, техника да жаңарды. Үш жылда құрал-жабдықпен қамтуға 16 млрд теңге бөлініпті. Бір сөзбен айтқанда, Сыр медицинасында серпін бар. Ең бастысы бұл халықтың денсаулығын жақсартуға деген нақты қадамды аңғартады.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Медицинаға жай адам келе алмайды: Тәжірибелі педиатр шынайы дәрігердің бейнесін сипаттады