Сырдария алқабынан орта ғасырларға тиесілі 80-нен астам көне қаланың орны табылды

23.10.2026 16:45

Сыр өңірінде қазба жұмыстарын жүргізген археологтар соңғы 10 жылдық ауқымды зерттеуді қорытындылады

Сырдария өзенінің алқабынан орта ғасырларға тиесілі 80-нен астам көне қаланың орны анықталды. Отандық және шетелдік ғалымдар соның 43-іне ресми тарихи паспорт әзірлеген. Сондай-ақ аумақтан тиын соққан сарайлар мен ислам дәуірінің құнды жәдігерлері табылып отыр. Түркістанда бас қосқан 5 елдің тарихшылары 10 жылдық ауқымды зерттеудің тың нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыр өңірінде қазба жұмыстарын жүргізген археологтар соңғы 10 жылдық ауқымды зерттеуді қорытындылады. Басты жаңалық – бұған дейін дария маңынан тек көне теңгелер табылып келсе, енді сол ақшаны құйған теңге сарайларының нақты орны анықталыпты. Бұл орта ғасырда Сыр бойында қуатты мемлекеттік әрі қаржылық жүйенің болғанын нақты айғақтайды.

«Бұл жерде көптеген ғалымдар істеп жатыр. Қызылордадан, Астанадан археологиялық группалар қазба жұмыстарын алып барып жатыр. Алматылық нумизматтар алтын-күміс теңгелерді тауып жатыр. Мұнда Орта ғасырда үлкен өркениет болғанын көрсетеді», – деді Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы директорының кеңесшісі Әшірбек Мүминов.

Арал мен Қаратаудың арасы ертеде Фараб өңірі деп аталған. Сауда мен ғылым тоғысқан осы өлкені соңғы жылдары жүйелі зерделеу кенжелеп келген. Енді, міне, ғалымдар аймақта 80-нен астам шаһардың болғанын анықтап, оның қырық үштен астамына тарихи құжат әзірледі. Бұл еңбектер Сыр бойында көшпелі мәдениетпен қатар, дамыған қала өркениеті қатар өркендегенін дәлелдейді.

«Бұл – қазақтың тарихында болмаған нәрселер. Археологиялық негізде қалалық мәдениетті бар екенін көрсетіп жатырмыз. Бізге «сендерде қала болмаған, мемлекет болмаған» деді ғой. Соның барлығын қайтадан дәлелдеп жатырмыз. Мәдени тұрғыдан да, өркениеттік тұрғыдан да бүкіл критерийге жауап беретін аймақ екенімізді көрсетіп жатырмыз», – деді философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай.

Конференцияда арнайы жинақ болып басылған 16 ғылыми баяндама оқылды. Зерттеу нәтижелері алдағы Ясауи халықаралық форумында талқыланбақ. Ал анықталған жәдігерлер мен көне қалалардың деректері Түркістанда бой көтеретін жаңа Түркі орталығында сақталып, көпшілікке таныстырылады.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Республика күні: Алматыда жастар арасындағы кітап оқу чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Толық көрсету