Сырты бүтін, іші түтін: Атырауда жаңа балабақша жабылды

24.06.2025 20:34

Ата-аналар ұл-қызды басқа бөбекжайға ауыстыруға мәжбүр

Сырты бүтін, іші түтін. Атырауда пайдалануға берілгеніне 5 жыл болған жаңа балабақша жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бөбекжайдың күрделі жөндеуге жабылғанын естіген ата-аналар аң-таң. Бүгінге дейін Еркінқала ауылдық округіндегі жалғыз балабақшаға 200-ден аса ұл-қыз барған. Амалдың жоқтығынан олар енді өзге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ауыстырылыпты. Бірақ күнделікті ит өлген жерге баланы тасу нағыз азап.

«Екі баламды осы бөбекжайға әкеп жүргенмін. Енді жабылуы қиындық тудырып тұр. Екеуін де Жұмыскердегі бөбекжайға  тасимыз. Көлік те жоқ. Қыркүйекке дейін балабақша ашылса жақсы болар еді. Ал жабылған балабақшаның қабырғалары жарылып кетті, баламыз үшін қорқып жүрдік», – деді ата-ана Аружан Әлімжанова.

Бөбекжайды аймақтағы ірі компаниялардың бірі 2019 жылдың желтоқсанында сыйлаған. Құны 698 млн теңге тұратын мекеме 290 балаға арналыпты. Бірақ ашылғалы бері сылағы түсіп, едені ашылып, қабырғалары жарылудан көз ашпапты. Қазір балабақша жұмысын тоқтатқан. Ал тәрбиешілер еңбек демалысына кетті.

«Техникалық сараптама жасаттық, маманның айтуынша, баланың қауіпсіздігі үшін ешкімді қабылдауға болмайды. 1 маусымнан бастап, қалалық білім бөлімінің шешімі бойынша қалыпты жағдайдағы жұмысын тоқтатты. Алға қарай еңбек демалыс біткен соң, қалалық білім бөлімі басшысы қызметкерлерді, тәрбиешілерді жақын маңдағы бөбекжайларға орналастырамыз деп отыр», – деді бөбекжай-бақшаның директоры Гүлбану Қонаева.

Айта кетейік, қазір 120-ға тарта тәрбиеленуші жақын ауылдардағы балабақшаға ауыстырылған. Ал құрылыс басқармасындағылар әу баста нысанда еш ақау болмаған деп бет қаратпайды. Олардың айтуынша, барлығы құрылыс нормасына сай тапсырылған.

 «Пайдалануға берген мекеме желтөлеге су кетіріп алуы мүмкін. Оны білмейміз ғой, әртүрлі жағдай болады. Пайдаланып жатқан кезде кәріз немесе ауыз су құбыры жарылуы мүмкін. Оны техникалық зерттеу ғана анықтай алады», – деді құрылыс басқармасының бөлім басшысы Күлән Құлбаева.

Әзірге балабақшаны күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Ал құрылыс жұмыстарының қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Алматы маңында пойыз екі адамды басып кетті