Ақ халаттыларға қала әкімі мен Министрлік атынан марапаттар табысталды
Бүгін, 12 мамыр — Халықаралық мейірбикелер күні. Осы мерейлі мерекеге орай Алматыда әрбір науқастың дертіне дауа іздеп, қамқорлығын аямай жүрген ақ халатты мамандар марапатталды. Көпжылдық жемісті еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін бірқатар медицина қызметкері Денсаулық сақтау министрлігі мен қала әкімінің алғыс хаттарына ие болды, — деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәнге саулық, жанға жылулық сыйлайтын мейіргерлер үшін бұл күн ерекше мерекеге айналды. Мерекелік кешке қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым жиылған қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтап, маман иелеріне жылы лебізін білдірді:
«Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында денсаулық сақтау жүйесі дамып, адамдарға ең қымбат байлық – денсаулықты сақтауға көмектесесіздер. Сіздерге зор денсаулық, амандық, бақыт, кәсіби табыс және лайықты құрмет тілеймін. Еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланып, абыройларыңыз асқақтай берсін!» — деді Нұрлан Әбдірахым.
Салтанатты шара барысында «Мамандығы бойынша үздік» атты қалалық байқаудың жеңімпаздары анықталып, 5 номинация бойынша марапаттар берілді. Ал Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов министрлік атынан бірқатар қызметкерге арнайы төсбелгілер табыстады. Ол өз сөзінде мейірбикелердің емдеу процесіндегі маңызды рөлін атап өтті:
«Сіздер пациент емдеудің барлық кезеңінде жанынан табылып, кәсіби көмек, қолдау және қамқорлық көрсетесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз терең білімді, сабырлықты, мейірімділікті және өз ісінде адалдықты талап етеді. Сіздерге кәсіби табыс пен пациенттердің шынайы алғысын тілеймін!» — деді басқарма басшысы.
Марапат алғандардың қатарында №29 қалалық емхананың мамандары да бар. Жалпы тәжірибелік мейіргер Мәрия Ибраимова бұл марапатты халық алдындағы адал қызметінің жемісі деп білетінін жеткізсе, әріптесі Рашид Бекбаев мамандық таңдаудағы басты мақсатын былай түсіндірді:
«Мейіргер деген бұл – кез келген уақытта науқастың жанынан бірінші табылатын адам. Ол алғашқы көмек көрсетеді және науқас толықтай жазылғанша қасынан табылатын жалғыз жан. Мен бұл мамандықты науқасқа үлкен қамқорлық көрсету үшін және үнемі кәсіби даму үстінде жүру үшін таңдадым», — деді Рашид Бекбаев.
Оқушылар сарайында ұйымдастырылған мерекелік кеш халықаралық конференцияға ұласты. Жиында мейірбике ісін дамыту, заманауи тәжірибелерді енгізу және кәсіби ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласында 10 мыңнан аса орта буын медицина қызметкері қажырлы еңбек етіп келеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде