Тәрбиешінің қолында шетінеген сәбидің өліміне қатысты іс қаралып жатыр

05.06.2026 20:12

Жәбірленуші тарап айыпталушының бала бағуға лицензиясы болмағанын алға тартты

Almaty.tv

«Бала бағушы нәрестемді қылқындырып өлтірді». Алматыда көпбалалы ана 6 айлық сәбиін жеке қараушыға тапсырып, бірнеше сағаттан соң өлі күйінде қайтып алған. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Айтуға ауыз бармайтын, жантүршігерлік қылмыс Алматыда былтыр қазанда болған. Көпбалалы ана Гүлайым Серікбол күнкөрістің қамын жасап, нәпақа табу үшін 6 айлық баласын емізуден шығарып беретін адам іздеп танысынан тәрбиешілердің нөмірін алған. Көп ұзамай ол кенжесі мен 2 жастағы ерекше қажеттілігі бар қызын бала бағушыға тапсырған. Алайда бірнеше сағаттан соң тәрбиешілер анаға перзентінің демалмай қалғанын айтып қоңырау шалған.

«Келесі күні сағат 16:00-те звондады. Қызым қонақ бөлмеде жатыр екен,  маңдайының шеті көгерген. Қол-аяғы суып кеткен, бала жүріп кеткен. Менің баламды қайтарып бере алмайды. Әділ шешім шыққанын қалаймын «Қылқындырып өлтірген» дейді,оң жағында саусақ іздері бар, сол жағында қанталап кеткен», – дейді. ¤марқұмның анасы Гүлайым Серікбол.

Айта кетейік, жәбірленуші тарап айыпталушының бала бағуға лицензиясы болмағанын алға тартты. Айтуларынша, олар өз үйінде енесі мен келіні болып 10 шақты бүлдіршінді қарайтын. Қызметін жарнама сайттарына жүктеген. Алайда сотқа келген күдіктінің енесі жекеменшік кәсіпкер ретінде тіркеліп, мекемесін «Мектепке дейінгі білім беру» нысаны ретінде белгілегенін айтты. Айыпталушы тарап марқұм 6 айлық Айшаның ауырып келгенін алға тартты. Айтуларынша, нәресте сол күні қайта-қайта жылап, мазасызданған. Алайда тәрбиешілер бұл жайтты анасына айтпағаны да белгілі болды. Сәби таңғы 4:00 шамасында көз жұмған.

«Оны 7 айлық кезінде анасы жұмыс іздеймін деп көмектес деп жүгінген. Бірақ бала ауруыбар. Тоғызбекова 5 жылдан астам балаларға қарап келеді, ешқандай шағым болмаған», – деді айыпталушының қорғаушысы Әділжан Мақсатов.

.Гүлайым Серікбол – 6 құрсақ көтерген көпбалалы ана. Марқұм кенжесі Айшаның тәрбиешілерге барғанға дейін ауырғанын толықтай жоққа шығарып отыр. Айтуынша, перзентінің денсаулығы дұрыс болмаса баласын бағушыға қалдырмас еді. Қазір қайғыдан қан жұтқан отбасы қылмысқа әділ жаза берілуін сұрап отыр.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Әкімдік бас тартты: Ақтөбеде үйсіз қалған отбасы туыстарын паналауға мәжбүр