Тәуелсіздік – аманатым: желтоқсаншылар жастарды елдікті ұлықтауға шақырды

11.12.2024 18:15

Алматыдағы № 19 жалпы білім беретін мектепте кездесу өтті

"Болашақ өскелең ұрпақтың қолында". Осылай деген желтоқсаншылар жастарды елдігіміз бен егемендігімізді ұлықтауға шақырады. Бүгін Алматыдағы № 19 жалпы білім беретін мектеп ұжымы "Тәуелсіздік – аманатым" деп аталған іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанның егемен мемлекет ретінде даму қадамдары, саяси, экономикалық һәм мәдени жетістіктері туралы сөз болды. Мақсат – өскелең ұрпақты туған жерді сүйіп, ұлтты ұлықтауға баулу.

"Кездесуімізге Набиболла ағамыз, Маржан және Айнагүл апайларымызды қонаққа шақырдық. Негізгі мақсатымыз – Желтоқсан оқиғасы туралы түсіндіру, оның сипатын ашу, қыршыннан қиылған қазақ жастарына деген құрмет, батырлардың есімін әрқашан жас ұрпаққа дәріптеу, құрметтеу", – деді № 19 жалпы білім беретін мектептің директоры Айымгүл Иманғалиева.

Іс-шарада оқушылар өнер көрсетті. Олар қойылым қойып, патриоттық әндер шырқады. Сондай-ақ желтоқсаншыларға мазалаған сұрақтарын қойып, жауап алды. Рухани кеш ұстаздардың "Атамекен" әнін шырқауымен аяқталды.

"Мектеп ұжымына алғыс айтамыз. Балалар керемет дайындалған. Тәуелсіздік баянды болсын! Қазақстан жасасын!" – деді Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Маржан Елгезек.

Оқи отырыңыз: Азия чемпионатында тағы екі боксшымыз алтын медальға ие болды