Таяу Шығыс елдеріндегі отандастарымызды әуе компаниялар елге жеткізуге дайын

02.03.2026 20:17

Араб елдерінен 4 мыңға жуық қазақстандық елге қайта алмай отыр

Таяу Шығыстағы ахуал шиеленісіп тұрғандықтан, Араб елдерінен 4 мыңға жуық қазақстандық елге қайта алмай отыр. Бұл жайлы «Туристік қамқор» қорының директоры мәлімдеді. Сөзінше, саяхатшылар тур-кодпен барған. Сондықтан олар қонақ үймен қамтамасыз етілген. Ал өздігінен сапарлаған адамдарға мұндай жеңілдіктер қарастырылмағанын жеткізді. Айта кетейін, Таяу Шығыс елдерінің әуе кеңестігі ашылса, компаниялар отандастарымызды елге жеткізуге дайын.

Дәл қазір Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен екі жарым мың отандасымыз туған жеріне жете алмай отыр. Ал Сауд Арабиясында 200-ден астам қазақстандық саяхатшы бар. «Туристік қамқор» қорының дерегінше, олардың бәрі сапарға тур-код жүйесі арқылы тіркеліп барған. Сондықтан да туристер түгел дерлік қонақ үйлерге орналастырылған. Ал өздігінен саяхатқа шыққан жандарға қор тарапынан мұндай көмек көрсетілмейді.

«Қатар елінде 1 мыңнан астам қазақстандық турис бар. Олар қонақ үйлерде орналастырылды. Ешкімді біз ұмытпаймыз, қалдырмаймыз. Бәрі бақылауда», – деді  «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры Асылхан Есілов.

Қатардағы көп туристің ішінде «Туристік қамқор» қорының басшысы Инна Рей де бар. Ол қазір Доха қаласындан. Инна Рей туристер қандай жағдайды бастан кешіріп жатқанын баяндап берді.

«Бүгін таңертең сиреналар естілді. Барлығына ескерту жасалып, ғимараттан шықпауды сұрады. Терезеге жақындамай, оны жауып қоюды ескертті. Қонақ үй қызметкерлері туристерді бақылап, жағдайын үнемі сұрап отырады. Алайда бәрі алаңдаулы. Өйткені олардың  жоспары бұзылды. Екіншіден, Қатарға бағытталған зымырандарды әуеден атып түсірген сәттерді өз көзімен көру психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді. Маңыздысы – қазақстандық туристер қолдауға ие», – деді  «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей.

«Таяу Шығыстағы текетірес Қазақстанға қалай әсер етеді?». Біз саясаттанушы Айдар Әміребаевқа осы сауалды қойдық. Оның айтуынша, Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі. Ал Қазақстан осы ұйымның негізін қалаушы елдердің бірі болғандықтан, аймақтағы жағдай бізге де тікелей қатысты. Сарапшының айтуынша, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді. Дәл қазіргі уақытта Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын өзгертпей, керісінше, оны мұқият әрі тепе-тең ұстауы маңызды.

«Жан-жақты векторлы тұрақты сақтағанымыз жөн. Қауіпсіздік мәселесін ойлайтын болсақ алаңдаушылықты байқаймыз. Қауіпсіздік кеңесіміз бар. Сонда Президент те осы мына мәселеге көңіл аударып жатыр», – деді саясаттанушы Айдар Әміребаев.

Сарапшы экономикалық ахуалға да тоқталды. Сөзінше, шиеленістен кейін Иран мұнайының экспорты қысқарып, жаһандық нарықта ұсыныс азайып, салдарынан қара алтынның бағасы өзгеруі мүмкін. Ал ұлттық бюджеті мұнайға тәуелді Қазақстан үшін бағаның тұрақты болғаны аса маңызды деп отыр.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан