Таяу Шығысқа сапар: туристің қауіпсіздігіне кім жауап береді

Геосаяси ахуалдың шиеленісуі өзге елдерге саяхат құнын арзандатқаны рас

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таяу Шығысқа таяуда бару қауіпті. Ондағы геосаяси ахуал шиеленіссе де, шетел аңсайтындар тыйылмай тұр. Ескертуді елемеген елге қандай қауіп болуы мүмкін және ақшасын алып, саяхатқа аттандырып жіберетін агенттіктер қандай жауапкершілік алады? Бұл – бөлек әңгіме. Ал шекара асқаннан кейінгі түрлі жағдайға кім жауап береді? Бұл сұрақтарға Almaty.tv тілшісі.жауап іздеген еді.

Алматылық Балнұр Ажиева Біріккен Араб Әмірліктеріне сәуір айында саяхаттау үшін турды желтоқсанда алып қойған. Алайда Таяу Шығыстағы қақтығыстың салдарынан жоспарланған демалыстан бас тартуға мәжбүр. Өйткені шетел асам деген үмітін қазір үрей билеп кеткен.

«Шынын айтсақ, ол жаққа ұшып кетуге қорқып тұрмыз. Демалысымыздың шырқы бұзылмағанын қалаймыз . Әу бастан Дубайға барғымыз келген. Бірақ жолымыз бұл жолы да түспей тұр. Ондағы жағдай ушығып кетсе, қайта оралуымыз да қиынға соғуы мүмкін», – деді қала тұрғыны Балнұр Ажиева.

Ал тур сатып алып, Таяу Шығысқа сапарға сақадай сай отырған саяхаттаушылар мұндай жағдайда не істейді? Кеткен қаржы қайтарыла ма? Туристік агенттік өкілдерінің айтуынша, бүгінде біраз елге сұраныс айтарлықтай азайған. Бірақ қақтығыс басталғанға дейін демалыс жоспарлап, тур алып қойған азаматтарға келісімшартқа сәйкес бірнеше нұсқа ұсынылады.

«Туристік операторлар толық ақшаны қайтару, турды кейінге қалдыру немесе басқа бағытқа ауыстыру сияқты нұсқаларды ұсынады. Әуе кеңістігінің жабылып, рейстердің тоқтауына байланысты әлем бойынша мыңдаған турист қиындыққа тап болғаны жасырын емес. Бұл – мұндай жағдайда қалыпты тәжірибе. Біз алдын ала тур сатып алып қойған азаматтарға келісімшарт бойынша көмектесеміз», – деді туристік агенттік өкілі Айгүл Жақсыбаева.

Алайда қолдағы турдан бас тартпай, Таяу Шығысқа аттанған азаматтар әуелі жауапкершілікті өздеріне алуға тиіс. Өйткені 28 ақпаннан бастап қақтығыс болып жатқан аймақтарға барғысы келетін туристерге туркод беру тоқтатылған. Бұл дегеніміз – азаматтардың қауіпсіздігіне, елге қайту кепілдігіне ешкім жауап бермейді деген сөз.

«Бізде жалпы Конституцияда да, тұтынушы құқығын қорғау туралы заңда да тікелей көрсетілген ақпарат бар. Бұл форс-мажорға жатпайды, бұл – шұғыл әскери жағдайға жатады. Сондықтан бұл орайда туристік агенттіктер міндетті түрде тұтынушыларға, азаматтарға шынайы ақпарат беруге тиіс. Осындай қауіпсіз емес аймақтарға баруға қарсылық білдірмейміз, бірақ қауіп пен жауапкершілік өздеріңізге жүктелетінін ескерту керек», – деді заңгер Нұржан Мақсатов.

Геосаяси ахуалдың шиеленісуі өзге елдерге саяхат құнын арзандатқаны рас. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда, Түркияда, Египетте демалу бағасы төмендеген. Себебі барыс-келісі үзілмейтін бұл аймақтарға баратындар қатары сирегендіктен туризмнің табысы азайған. Ал турдың құны арзандағанда ел аралағысы келгендер тәуекелге барып жатыр.

«Таяу Шығыстағы бір оқиғаға байланысты қысқа мерзімді арзандаған турға барып, өз өміріне қосымша қауіп төндіру ме, әлде ішкі туризмдегі мүмкіндікті пайдаланып, бір жағынан қаржыны елде қалдырып, отандық кәсіпкерлердің дамуына үлес қосып, қауіпсіз демалуды таңдау ма – осы тұрғыда ойлану керек», – деді экономист Қуанышбек Дүйсенов.

Еске салайық, Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттерге, атап айтқанда Израиль, Иран, БАӘ, Катар және басқа да елдерге барудан әзірге бас тарта тұрған жөн. Ал осыдан 4 күн бұрын бұл тізімнен Мысыр елі алынып тасталған.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада интернет алаяқтық жасады деген күдікпен 31 жастағы әйел ұсталды

Новости партнеров