Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ - СІМ

02.03.2026 14:31

Еліміздің шетелдегі мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшті

«Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ». Бұл туралы Сыртқы істер министрлігімәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еліміздің шетелдегі мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, жерлестерімізге қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ жақын маңдағы елдер мен транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың деректері жаңартылуда. Еліміздің әуе компаниялары отандастарымызды Таяу шығыстан әкелуге дайын. Көлік министрлігі жедел штаб отырысын өткізіп, жолаушыларды қауіпсіз бағыттар арқылы елге қайтару мәселесін талқылады. Ведомство мәліметінше, Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Иордания, Сауд Арабиясы, Қатар, Оман, Ирак және Ливан аумағында әуе кеңістігі жабық. Аталған мемлекеттердің әуе кеңістігі ашылған жағдайда әуекомпаниялары қайтару рейстерін орындау үшін ұшақтар бөледі.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде және шетелдегі мекемелерінде шұғыл байланыс желілері ашылды. Қақтығыс аймағында жүрген азаматтарымыздың санын нақтылау жалғасып жатыр. Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері туристік компаниялармен бірлесе, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда жүрген отандастарымызға жан-жақты қолдау көрсетуде», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отыр. Ол Иордания Королі ІІ Абдаллаға хат жолдап, Қазақстан қазіргідей сын сағатында бауырлас иордан халқына қолдау мен тілектестік білдіретінін жеткізді. Президент Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен де телефон арқылы тілдесіп, аймақта қақтығыстың өршіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті. Ол қарулы қақтығыс барысында Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылатынын айтты. Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтық нысандарына, сондай-ақ Шығанақтағы басқа да елдерге жасалған шабуыл қатаң айыпталуы керек деп санайды.

Айта кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қауіпсіздік кеңесіне қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырған. Елдегі бүкіл күштік құрылым тәуліктік жұмыс кестесіне көшті.

 «Қазақстан халықаралық күрделі проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайды», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Медеу ауданында "Алғыс" қабырғасы орнатылды