Қаладағы такси жүргізушілері қауіпсіздік мәселесін қайта көтеріп, арнайы қосымшаларға «дабыл» түймесін енгізуді талап етіп отыр
Петропавлда мас жолаушымен жанжалдасқан такси жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғылы оқиға осыдан 8 күн бұрын болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, жүргізуші жолаушыға көлікте шылым шегуге болмайтынын айтқан. Алайда ескерту ұрысқа, кейін төбелеске ұласып, ауыр жарақатпен аяқталған. Жүргізуші ауруханада бес күн бойы есін жимастан жатып, қайтыс болды. Осы жағдайдан кейін қаладағы такси жүргізушілері қауіпсіздік мәселесін қайта көтеріп, арнайы қосымшаларға «дабыл» түймесін енгізуді талап етіп отыр.
Екі күннен бері Петропавл қаласының такси қызметтері бір апталық қаралы күн жариялады. Марқұм әріптестерін еске алған жүргізушілер көліктерінің айнасы мен антенналарына қара лента тағып, күнделікті жұмысын жалғастыруда. Олар бұл әрекеті арқылы тек құрмет көрсетіп қана қоймай, қоғам назарын такси жүргізушілерінің қауіпсіздігіне аудартпақ.
«Біз жігіттермен бірге марқұм ағайымыз Андрейдің рухына құрмет ретінде бір апталық қаралы күн жариялауды шештік. Сонымен қатар арнайы қосымшаларға «дабыл» түймесі қажет екенін еске салғымыз келеді. Бізге «құқық қорғау органдарына жүгініңдер» дейді. Бірақ елестетіп көріңізші, артқы орындықтан мойныңды қысып, төрт мас жолаушы ұрып жатыр. Ондайда не істейміз?» – деді такси жүргізушісі Роман Савчуков.
Тоғыз жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісі Айымгүл Қазыбекова марқұмды жақсы таныйды. Оның сөзінше, бұған дейін кейбір такси қосымшаларында «дабыл» түймесі болған. Соның арқасында бірнеше әріптесі қауіптен аман қалыпты.«Кеше әріптесімізді соңғы сапарға шығарып салдық. Осы жағдайдан кейін бәріміз өміріміз үшін қорқамыз. Бәріміздің отбасымыз бар. 10-12 сағат жұмыс істейміз. Сол уақыттың ішінде неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Бұрын «дабыл» түймесі болғанда, бірнеше әріптесім осындай жанжалдарда аман қалған. Сол жүйені қайтаруын сқраймыз», – деді такси жүргізушісі Айымгүл Қазбекова.
Жүргізушілердің айтуынша, бұрын «дабыл» түймесін басқан сәтте, жақын маңдағы таксистерге бірден белгі баратын. Олар жылдам жетіп, көмек көрсететін. Қазір бұл функция кейбір таксопарктерде ғана сақталған. Ал полиция оқиғаның мән-жайын тергеуді жалғастырып жатыр.
«Такси жүргізушісінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіргені үшін Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны сол күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Петропавл қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Азамат Бектұрғанов.
Полицияның мәліметінше, күдікті ұсталып, оған «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша іс қозғалған. Ол 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мәди Мәлік, Нұргүл Алина, СҚО
Оқи отырыңыз: Алматыда пәтер тонаған күдікті ұсталды