Оған республика бойынша 400 оқушы атсалысты
Алматыда жоғары сынып оқушыларына арналған зияткерлік сайыстың ақтық кезеңі өтті. Қаржылық сауаттылық, цифрландыру салаларын қамтыған олимпиаданы шаһардағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі Нархоз университеті ұйымдастырған. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталған бұл дода республиканың түкпір-түкпіріндегі 40 мың оқушыны қамтыды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нархоз Университетінің бастамасымен ұйымдастырылған олимпиада 10-11 сынып оқушылары арасында қаржылық сауаттылықты насихаттау мақсатында өтті. 40 мың оқушыны қамтыған жарыстың ең басты міндеті – талантты жастарды қолдау. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Оның екеуі онлайн, ал ақтық кезең жоғары оқу орнының ғимаратында өтті. Оған республика бойынша 400 оқушы атсалысты.
«Балалар еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Деңгейлері жоғары, өте креативті оқушыларымыз», –деді әділқазылар алқасының мүшесі Бауыржан Берліқожа.
Ақтық сында оқушылар қаржылық сауаттылық, кәсіпкерлік, экономика негіздері, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және 3D модельдеу сынды бағыттар бойынша жобаларын ұсынды. Ал көптің арасынан көзге түсіп, алға суырылып шыққандар Нархоз университетінің грант иегері атанды.
«Бізде 3 бағыт бойынша грант ойнатылды. Яғни 3 грант иегері болады. Сонымен қатар, 2-3 орындарымыз да бар. Сондай-ақ оларға беретін сыйлығымыз бар», – деді Narxoz университетінің edu finance бағыты бойынша жауапты project менеджері Шәміл Ванкеев.
Сондай-ақ, сайыс кезінде жоғары сынып оқушылары үшін профориентолог маман жұмыс істеді. Мамандықты дұрыс таңдау бойынша ақыл-кеңестерін бөлісіп, жастарға кәсіптік бағыт-бағдар берді. Айтуынша, мұндай сайыстар баланың талантын ашуға айтарлықтай сеп болады.
«Жалпы ата-аналар грантқа түсудің бір ғана жолын біледі. Ол - мемлекеттік грант. Негізінде университеттердің ішкі гранттары да бар. Оның мақсаты – талантты балаларды өздеріне тарту. Осындай кезде баланың университетке деген көзқарасы өзгереді, мотивациясы артады. Сондықтан ішкі олимпиадалар балаларға тікелей әсер етеді», – деді профориентолог Омарбек Көшкінбайұлы.
Қатысушылар бұл сайыста цифрлық дағдыларын, қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлік ойлау қабілетін көрсете алды. Балаларының мұндай жарысқа қатысып, өзін өзге қырдан танытқаны ата-аналарды да қуантқаны сөзсіз.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы