Ол қазір алаяқтық ісімен күдікке ілініп, тергеліп жатыр
Талдықорғандық экс-полицейді жыныстық зорлық көрсетті деп айыптаған қыз үйқамаққа алынды. Ол қазір алаяқтық ісімен күдікке ілініп, тергеліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Анығын айтсақ, жәбірленуші «түсініктемемді Марат Күштібаевтың пайдасына өзгертемін» деп оның әйелінен қомақты қаржы алған көрінеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамандарының мәліметінше, атышулы істі жүргізген соттың хатшысы да тергелген. Оның жәбірленушінің жауабын өзгертуге ықпалдасамын деп ұсынылған 40 млн теңгенің жартысын алғаны анықталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы жұмыс кабинетінде 27 жастағы қызға зорлық-зомбылық көрсетіп, жыныстық қатынас жасады деп айыпталған еді. Оқиға былтыр қараша айында болған.
Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралып, Марат Күштібаев 11 жылға сотталған.
«Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Талдықорған қалалық соты сот отырысының хатшысына және екі азаматқа қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Күдіктілерге қатысты үйқамақ және күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары санкцияланды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінен.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында жер үйде 5 бала өртеніп кетті