Талғар ауданына жаңа прокурор учаскелік инспекторлардың ісін қайта қарайды

15.10.2025 14:54

Жайнарбек Мыңбаевтың 18 жылдық еңбек өтілі бар

Талғар ауданына жаңа прокурор тағайындалды. Жаңа басшыны ведомствоаралық кеңес барысында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, Жайнарбек Мыңбаевтың 18 жылдық еңбек өтілі бар. Ал соңғы 7 жылда Бас прокуратурада қызмет атқарыпты. Сондай-ақ өз сөзінде жаңа прокурордың тәжірибелі қызметкер екенін тілге тиек етіп, оның тағайындалуы аудандағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне тың серпін беретінін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бұйрығымен маған Талғар ауданының прокуратурасын басқаруға сенім білдірді. Бұл – тек прокуратура сенімі емес, қоғам мен мемлекеттің сенімі. Сенімді ақтауға, Президентіміздің саясатын жүргізуге, Конституция және заңнама талаптарының орындалуына аянбай еңбек етеміз», – деді Талғар ауданының прокуроры Жайнарбек Мыңбаев.

Жиынға қатысушылардың мәліметінше, жыл басынан бері Талғар ауданындағы қылмыс деңгейі былтырмен салыстырғанда 17 пайыз төмендеген. Облыс прокуроры Берік Адамов аудан прокуратурасы мен полициясына профилактикалық іс-шараларды күшейтіп, халықпен тығыз жұмыс істеуді, учаскелік инспекторлардың ісін қайта қарауды және есірткі қылмыстарын назарға алуды тапсырды.

«Талғар ауданының аумағында Полиция департаментімен бірлесе отырып профилактикалық іс-шаралар қолға алынды. Сондай-ақ мұндай шаруалар мектептерде де жүзеге асып жатыр. Балалармен тілдесіп, ата-аналармен жұмыс атқарылуда. Оған барлық құзырлы орган өкілдері кіріскен. Мұның бәрі Талғар ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады», – деді Талғар ауданы прокурорының орынбасары Расул Көпбаев

Оқи отырыңыз: Мұғалімдерден ақша жинамақ болған: Алматы облысында мектеп директоры жазаланды