Талғардағы қанды қылмыс: ерлі-зайыптыларды пышақтап кеткен күдікті іздестіріліп жатыр

07.08.2025 15:44

Марқұм болғандардың жасы 80-ге таяған

Алматы облысында ерлі-зайыпты зейнеткерлерді тонап, пышақтап кеткен күдікті іздестіріліп жатыр. Куәгерлердің сөзінше, қаскөй осыдан 2 күн бұрын қос қария тұратын үйге терезеден кіріп, құнды заттарды ұрлаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, Талғардағы қанды қылмыс сағат 5:00 шамасында болған.  Алайда баспанаға бөгде біреудің кіргенін немесе қандай да бір күдікті әрекетті ешкім байқамаған. Көршілер өрт шыққан кезде ғана дабыл қағып, құтқару қызметін шақыртқан.

«Оқиға таңға жуық болған. Өйткені, түнде иттің үргенін немесе қандай да бір дыбыс естімедік. Тағы бір үйден кейін тұратын көршіміз түтіннің иісін сезіп, бірден сонда барған. Үйге кірсе, екеуі де өлі жатыр екен. Өте қорқынышты жағдай. Бұл жерде кісі өлтіру дерегі меніңше, өйткені пышақ жарақаттары, беттің көгеруі сияқты белгілер бар. Заттар сынып, шашылып жатты», – деді марқұмдардың туысы Виталий Герасименко.

Алматы облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, марқұм болған ер адамның денесінде бірнеше пышақ ізі, ал, жұбайының мойнынан қылқындыру белгілері анықталған. Бүгінде құзырлы орган аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғады. 

«Талғар ауданында екі қарт тұрғынның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Іске ең тәжірибелі қызметкерлер тартылған арнайы тергеу-жедел тобы жұмылдырылды», – деді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, марқұм болғандардың жасы 80-ге таяған. Көршілерінің сөзінше, ерлі-зайыпты мейірімді, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынаста болған. Ал бейресми деректерге сүйенсек, іздеу жарияланған азамат та дәл осы ауылдың тұрғыны ұрлық жасағаны үшін сотты болған көрінеді.

Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Елімізде Абай есімді 10 әйел тұрады