"Жасыл белдеу" жобасы басталмай жатып, тоқтаған
Таразда 5 гектар аумаққа отырғызылған көшеттер бүр жармай жатып, қурап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шөлдала шағынауданымен қатар жатқан бірнеше саяжай 13 жыл бұрын қала құрамына кірген. Бірақ 15 мыңнан аса тұрғыны бар аумақта саябақ, сквер не серуендейтін жер жоқ. Сондықтан қала билігі 4 жыл бұрын бос жатқан мына маңайға жүздеген тал егіп, "Жасыл белдеу" жобасын жүзеге асырмақ болды. Бірақ жоба басталмай жатып тоқтады.
"Осыдан 2-3 жыл бұрын саябақ, аллея салынады" деп айтқан. Бірақ болған жоқ. Бәрі қурап кетті, қараусыз қалды ғой", – деді қала тұрғыны Айжан Серғали.
"Жүрмеңдер, бұл жақпен, аллея болады" деп ескерту жасаған. Жайқалған ағаш көрген жоқпын", – деді Қала тұрғыны Ақмарал Әлқожа.
Жоспар бойынша 5 гектар аумақ жасыл желекке бөленіп, субұрқақтар салынуы тиіс еді. «Жасыл ел - Тараз» мекемесі алғашқыда 100 түп ағаш отырғызып, оны суарған. Бірақ кейін мұнда келуді доғарды. Қазір аумақты қоқыс басып, қараусыз қалған. Ал әкімдіктегі жауапты бөлім мамандары жобаға қанша қаржы қаралғанын, не егілген көшеттер құны жайында ақпарат таба алмады. Одан бері 3 әкім ауысқан көрінеді. Дегенмен құжаттарды қарап, жасыл белдеудің орта жолдан тоқтатылғанын білдік. Себебі сол аумақтың астымен магистральды газ желісі жүргізілген.
"Қорғау аймағына кіруіне байланысты жұмыстарды тоқтатқан. Қазіргі таңда ол жерге тал егуге де болмайды. Үш рет хат жаздық. Бірақ рұқсат етілмеді", – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.
"Жобаны бастарда мамандар жерді неге зерделемеген?" деген сауалға жауаптылар жауап бере алмады. Дегенмен әкімдік көшеттерді шағынауданның басқа тұсына отырғызуды жоспарлап отыр. Биыл Тараз қаласына 13 елдімекен қосылды. Жергілікті билік алдағы уақытта оларға да саябақтар салып, жасыл желек отырғызбақ.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Есімде ештеңе жоқ: Алмас Кішкінбаев қамауға алынды