Таразда науқастың өліміне кінәлі деп танылған медбикеге қатысты сот үкімі шықты

28.11.2025 21:40

Үкім бойынша екі күдікті де жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс

Almaty.tv

Таразда науқастың өліміне кінәлі деп танылған медбике мен ем-шара бөлмесінің иесіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Есте болса, биыл ақпан айында ер адамға антибиотик еккеннен кейін, азамат анафилактикалық шок алып, ауруханада көз жұмған. Сонымен қатар, орталық иесінің егу және ем-дом шараларын жүргізуге лицензиясы болмағаны анықталған. Сот кәсіп иесін заңсыз медициналық қызметпен айналысып, абайсызда адам өліміне себеп болды деп танып, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, 3 жыл бойы инъекциялық терапия саласында бизнес жүргізуге тыйым салынды.

Ал мейірбике медициналық қызметкер ретінде кәсіби міндетін тиісінше орындамай, абайсызда адам өліміне себепші болды деп танылды. Судья оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын және үш жыл бойы инъекциялық терапия саласында жұмыс істеу құқығынан айыру жазасын кесті. Алайда рақымшылық туралы заңға сәйкес, ол жазадан босатылды.

Үкім бойынша екі күдікті де жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Бұдан бөлек, кәсіп иесі 1 миллион 200 мың, ал медбике 588 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді.

Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы су қоймаларында 2000-ға жуық браконьерлік факті әшкереленді