Таразда зағип жандарға арналған тифло-музей ашылды

17.10.2024 16:56

Жауаптылар мұражайдағы жәдігерлер мен мәліметтерді 2 жыл бойы жинақтаған

Таразда зағип жандарға арналған тифло-мұражай ашылды. Онда жанарынан айырылғандар түрлі жәдігерді қолмен ұстап, QR-код арқылы тарихпен таныса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Таразда ашылған тифло-музей тарихқа қызыққан жандар үшін таптырмас орын. Бұл әсіресе, жанарынан айырылған жандарға жасалған тамаша жағдай», - дейді Шорахан Құттыбаев.

Ол – Тараздың қатпарлы тарихын зерттеп жүргендердің бірі. Оның айтуынша, өңірде брайль қарпімен жазылған туындылар тапшы көрінеді. Сондықтан мұндай азаматтар көне заттардың тарихына үңіле алмай жатады екен. Азамат жаңа ашылған мұражай аталған кемшіліктің орнын толтырады деп сенеді.

«Тарихты білмесе, адам рухани аштыққа ұшырайды. Тарихымызды білсек, рухымыз көтеріңкі болады. Көзіміз зағип болғанымен, сау кісілер қатарынан болғымыз келеді. Көіз сау болсын, зағип болсын, адам тарихын білуі керек», - дейді қала тұрғыны Шорахан Құттыбаев.

Жауаптылар тифло-мұражайдағы жәдігерлер мен мәліметтерді 2 жыл бойы жинақтаған. Сөйтіп цифрлы форматқа көшіріпті. Одан соң QR-код жасап, барлық мағлұматты сонда енгізген. Қазір сол ақпараттарды қазақ тілінде тыңдауға болады. Алдағы уақытта мұндағы мәліметтер тағы бірнеше тілге аударылып, жүйеге енгізіледі.  

«Тараз дегенде Қарахан мен Айша бибі еске түседі ғой. Сол кісілердің макетін қолдан жасап, солардың бәріне QR-код орналастырамыз. Ұстап көріп, содан кейін QR-кодымен толық мәліметін ала береді», - деді Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.

Әзірге музейдегі 2 мың жәдігердің 100-ін қолмен ұстап сезінуге болады. Ал 300-іне QR-код жабыстырылған. Келешекте ақпараттар толықтырылып, тифло-макеттер санын арттыру жоспарда бар. Сонымен қатар идея авторлары аудандар мен қаладағы барлық өлкетану музейіне де ұсыныс жасамақ.

«QR-кодқа тартатын тарихи жәдігерлер санын ұлғайтуға тырысамыз. Сол кезде зағип жандар немесе студенттер, басқа да қызығушылар кез келген уақытта келіп, тамашалауына мүмкіндік болады», - деді музей меңгерушісі Ақсәуле Қалабаева.  

Жамбылда алғаш басталған жобаға зағип жандардың қызығушылығы мол. Жалпы, аймақта 6 мыңға жуық көзі көрмейтін тұрғын болса, солардың жартысы кітапханалардың тұрақты оқырманы екен.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Almaty TV, Тараз

Оқи отырыңыз: Алматының сауда үйлерінде мыңнан аса азаматқа заңгерлік көмек көрсетілді