Жаңа баспанаға қол жеткізу үшін жылдар бойы кезекте тұрғандар енді үйдің сапасына алаңдаулы
Қарашадағы суық Тараз тұрғындарының берекесін қашырды. Ұлы дала шағын ауданындағы биыл ғана баспана кілтін алған тұрғындар жаңа үйлерінде тоңып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айтуларынша, төрт көпқабатты үйде жылу дұрыс берілмейді. Бір бөлме жылы болса, екіншісінде бүрсең қағасың. Амалсыздан қосымша жылытқыш қосып, газ жағуға мәжбүр. Оның үстіне, кейбір пәтерлердің қабырғаcында жарықшақ пайда болып, қылтималарынан жаңбыр суы өткен.
Тұрғындардың айтуынша, күн суытқалы жылу мәселесі тіпті ушыға түскен. Жаңа баспанаға қол жеткізу үшін жылдар бойы кезекте тұрғандар енді үйдің сапасына алаңдаулы.
«10 жыл осы пәтерді алу үшін кезекте тұрдық. Қабырғаларда сызаттар пайда болып жатыр. Оның бәрін айтып жатсақ, «Үй шөгеді, сызаттар осылай пайда болады» деп сабырлыққа шақырып жатыр», – деді қала тұрғыны Роза Тәжікова.
Ал қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, шағын ауданға жылу қажетті мөлшерде беріліп жатыр. Мәселе құбыр ішіне жиналған ауадан болуы мүмкін. Енді жүйедегі ауаны шығарып, жылу беруді қалыпқа келтіруге уәде етті. Ал қабырғалардағы жарықшақтарды мердігер мекеме кепілдік мерзімі аясында жөндеуі тиіс.
«Жалпы, жертөлеге дейін жылу жеткілікті температура мен қысым келіп тұр. Температурасы 60 градус. Тек құбырларда ауа жиналған. Сол ауаны шығарсақ, жылу жүйесі қайтадан қалпына келеді», – деді қала әкімінің орынбасары Дамир Жамабаев.
Бастапқыда шағын ауданда 90 көпқабатты үй салу жоспарланған. Кейін олардың саны 140-қа дейін көбейген. Осыған байланысты былтыр жылу магистралі де жаңғыртылыпты. Әкімдік өкілдері алдағы уақытта жылуға қатысты мәселе туындамайтынына сендіріп отыр. Ал әзірге жаңа баспанасында тоңып отырған тұрғындар берілген уәденің орындалуын күтеді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Almaty TV, Тараз