Тараздағы тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр

Жауаптылар қыс болмай қарашаға тіршілік нәрін таратамыз деп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараздағы Түрксіб шағынауданында ауыз су желісінің құрылысы 4 жыл бұрын басталса да, халық әлі күнге таза суға жете алмай отыр. Жұрт ауладан құдық қаздырып, тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрксіб шағынауданында орталықтандырылған ауыз су желісі 2021 жылы жүргізіле бастаған. Сөйтіп 14 айда аяқталуы тиіс еді. Бірақ жұмыс жарты жолдан тоқтап қалған. Жұрттың айтуынша, құрылыс кезінде техникалық талап мүлде сақталмады.

 «Ауыз су жүргізгенде жерді қазды да астына құм төсеу керек еді, ешқандай құм төселген жоқ. Әкелді де трубаны үстіне тастай салды. Сол төселген құм жоқ болғаннан кейін астындағы трубалар өзінен өзі қазір тесіліп, кез-келген жерден фонтан болып атқылап жатыр», – деді қала тұрғыны Шанжархан Керімбеков

Тұрғындар аулаға құдық қаздырып, ауыз суды содан алып отыр. Бірақ 6-7 метр жерден шығатын тіршілік нәрі ішуге жарамсыз. Ал әкімдік аталған аудан қала құрамына былтыр енгенін айтып отыр. Сондықтан енді ғана су стансасының құжатын қабылдап жатыр.

«Қазір аудан әкімдігінің Тараз қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы қаулысы шыққан. Соған байланысты «Жамбыл-су» пайдаланушы мекемесінің мамандарымен сумен жабдықтау жүйелерінің барлығын толығымен тексеріп, зерделеп қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді  Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Елдос Кеңесбеков.

Жауаптылар құрылыстың бір жылға кешігуіне құрылыс компаниясының Павлодар әкімдігімен соттасуы себеп болғанын айтты. Сондықтан банк шоты бұғатталып, ақша аударымын жасай алмаған. Тек былтыр жұмысты аяқтап өткізуге мүмкіндік болған көрінеді. Ал су резервуарларына 4 жыл бұрын толтырылған тіршілік нәрі сасып, ішуге жарамсыз күйге түскен.

«Химиялық және бактериялық анализден өтпеді. Судың исі бар, балдыр басып кеткен. Резервуарларды жақсылап тазалап,  лаборатория тағы бір сараптама өткізеді. Сараптамадан өтсе, халыққа ауыз су беруге болады», – деді «Жамбыл-су» мекемесі ұңғымаларды пайдалану телімінің басшысы Сейітжан Болатбеков.

Жауаптылар қыс болмай қарашаға тіршілік нәрін таратамыз деп отыр. Дегенмен ол үшін абоненттерді 60 пайызы жаңа ауыз су құбырына қосылуы тиіс. Әзірге тұрғындардың 10-ақ пайызы жаңа желіге жалғанған.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Алматыда 50 мыңнан астам апатты ағаш кесілді

Новости партнеров