Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында 60-қа жуық кәсіпкер жұмысын тоқтатқан
Маңғыстауда кәріз суын тасымалдаумен айналысатын бір топ кәсіпкер тариф құнының көтерілгеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Коммуналдық мекеме 1 қыркүйектен бастап 1 текше метр лас суды 389 теңгеден қабылдай бастаған. Ал бұған дейінгі қызмет құны 97 теңге болған. Көтерілген тарифтің кесірінен кәсіпкерлер де бағаны өсіруге мәжбүр. Мәселен, бұрын бір үйден кәріз суын жинап, алып кету қызметі 3500 бен 4000 теңге аралығында болса, соңғы бекітілген баға екі есе өскен.
Техникаларын қаз қатар тізіп қойып, мәселенің шешімін күтіп отырған кәсіпкерлердің жұмысты тоқтатқанына 2 күн болды. Оларға тариф құнының көтерілетіні жайлы алдын ала ескертілген. Алайда көпшілік қызмет бағасы бұрынғыша қалсын деп талап қойып, өзгеріспен келіспей отыр. Кәріз суын тасып табыс табатындар жаңа тарифке өтсек, халыққа көрсететін қарапайым қызмет түрін екі есеге өсіруге мәжбүр болатынын айтты.
«Олар өткен аптаның жұмасында бір текше метр лас судың төгу құны 389 теңге 13 тиын деп жауап берді. Алайда баға қалтамызға салмақ салады. Халықпен жұмыс жасаймыз, бізге де тарифті көтеруімізге тура келеді. Бізде қарапайым халықтың қалтасына салмақ сала бергіміз келмейді», – деді кәсіпкер Олжас Тәженбаев.
Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданын қосқанда, кәріз суын тасымалдаумен айналысатын шамамен 60-қа жуық кәсіпкер бар. Қазір барлығы жұмысын тоқтатқан.
«Тұтынушыларға айтып түсіндіріп жатырмыз. Біз оларға бұрынғы бағамен қызмет көрсеткенімен, ақшаны қалалық апаттық қызметіне өткіземіз. Бізге не қалады? Өз қызметіміздің бағасын қсіруге тура келеді, басқа амал жоқ», – деді кәсіпкер Нұраддин Арыстанов.
Кәсіпкерлермен кездесуге жауапты мамандар да келді. Олар көпшілікке тариф құнының не үшін көтерілгенін түсіндірді. Айтуынша, 2- кәріз суын қабылдау және оны әрі қарай залалсыздандыру орнының шығыны шаш етектен, қазір 400 млн теңгеге жуық қарызы бар. Бұрынғы тарифпен аталмыш мекеменің кіріс-шығысын жабу мардымсыз. Шешім қабылданарда арнайы экономист мамандармен кеңесіп бекітіліпті.
«Бұл қосалқы тариф, қосымша. Реттеліп көрсетілетін тариф өзгерген жоқ. Бұл тарифтің өзіне қатысты шығындары көбейіп кетті. Қазір 389 теңге 12 тиын болып тұр. Бірақ тікелей шығынды есептесек, тариф одан да көп болуы мүмкін. Өткен жылы 1,5 млрд теңге, биыл 389 млн теңгенің жобасында қарыз бар», – деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК экономист-кеңесшісі Темірбек Махамбетов.
Кездесу кезінде қос тарап бір-бірін тыңдады. Жауаптылар кәсіпкерлердің уәжін басшылыққа жеткізіп, мәселеге қатысты әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізіп, екі жаққа да қолайлы баға бекітетінін айтты. Алайда оның қашан болары белгісіз. Коммуналдық мекеме өкілдерінің айтуынша, тариф құны көтерілген бағамен қалады.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Алдап әкетіп, зорлық көрсеткен: 16 жастағы қызды қорлаған 2 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды