Тарихи медаль - Қазақстан таеквондошыларының әлем чемпионаты алдындағы сенімді қадамы

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Қазақстан құрамасы бұған дейін ірі халықаралық жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

7-9 шілде аралығында Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында таеквондодан командалық Әлем кубогының кезеңі өтті. Аталмыш додада Қазақстан құрамасы қола жүлде жеңіп алған еді. Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов сайтына берген сұхбатында спортшылардың өнеріне баға беріп, алға қойылған мақсаттарымен бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы бұған дейін ірі халықаралық жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Мысалы, АҚШ-та өткен Гран-при кезеңінде отандастарымыз үш медальға қол жеткізген еді.

Атап айтсақ, Нодира Ахмедова (49 келіге дейін) жарыстың финалына дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған. Сонымен қатар Тамерлан Тілеулес (58 келіге дейін) және Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейін) қола жүлдемен көзге түскен болатын. Оған қоса, Тамерлан қола медаль үшін өткен жекпе-жекте 2020 жылғы Токио Олимпиадасының чемпионы италиялық Делль’Акуила Витоны жеңген.

Ал жуырда Оңтүстік Кореяда өткен Әлем кубогында Абдурахман Марипов, Ғазез Нұрбек, Бекасыл Ергеш, Мерген Ғаниев ел намысын қорғап, тарихи қола медальға ие болды. 

"Әлем кубогына Франция, Дания, Корея, Қытай, Марокко, Үндістан сияқты елдер қатысты. Соның ішінен біздің құрама керемет өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды. Бұл - тарихи жетістік. Себебі Қазақстан құрамасы Әлем кубогының тарихында алғаш рет медаль алып отыр. Көңіліміз толды деп толық айта аламыз. Сондай-ақ Қытайда финалдық Әлем кубогы болады. Бұл жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік деген 10 команда ғана қатыса алады. Сол додаға ұлттық құрама жолдама алды”, - деді Есбол Сұлтанов. 

Одан бөлек, тағы бір команда Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтіп жатқан “World Taekwondo Diamond Game” ірі халықаралық турнирінде өнер көрсетуде. 

Бірінші жарыс күні басталғаннан-ақ әйелдер құрамасы командалық сайыста күміс жүлдеге ие болды. Аида Тәукенова және Камила Аймукашева финалға дейін жетіп, Марокко командасына 2:1 есебімен жол берді.

"Қазір уақытта Алматыда оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Бұл жиын алдағы ірі халықаралық жарыстарға дайындықтың маңызды бөлігі болып саналады. Құрамамыз екі топқа бөлініп жұмыс істеуде. Бірінші команда қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан жарыста ел намысын қорғауда. Ал екінші команда болса, алдағы Дүниежүзілік Универсиадаға қызу дайындық үстінде. Биылдың басты жарысы - қазан айында өтетін әлем чемпионаты. Қазір өтіп жатқан жарыстар сол доданың алдындағы дайындық кезеңі ретінде қарастырылады. Спортшылар бар күш-жігерін салып, аянбай еңбектенуде. Құраманың деңгейі өсіп келе жатыр. Дегенмен алда әлі де атқарылатын жұмыс көп”, - деп түйіндеді бас бапкер Есбол Сұлтанов.

Оқи отырыңыз: Алматының туристік келбеті мен әлеуметтік бизнестегі беталысы қандай

Новости партнеров