Тарихшылар Алтын Орда дәуірін зерттеудің жаңа нәтижелерін жариялады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алтын Орда мұрасын терең зерттеу қажет екенін бірнеше рет көтерген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алтын Орда – Қазақ хандығының тарихи бастауы. Себебі дәл осы дәуірде түркі-мұсылман өркениеттік кеңістігі нығайып, мемлекеттілік дәстүрі қалыптасты. Тарихшылар «Алтын Орданың саяси және рухани мұрасы Қазақ хандығының құрылуына негіз болып, қазақ халқының этникалық және мәдени тұтастығын қалыптастыруға ықпал еткен» дейді. Сонымен қатар сауда-саттық, мәдениет, ғылым мен дипломатиялық байланыстар қарқынды дамыды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алтын Орда XIII-XV ғасырларда Еуразия кеңістігіндегі ең қуатты мемлекеттердің бірі болды. Оның құрамында қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген түркі тайпалары өмір сүрді. Уақыт өте келе бұл тайпалар өзара жақындасып, ортақ тіл, мәдениет және дәстүр негізінде қазақ халқының қалыптасуына жол ашты. Сондықтан тарихшылар Алтын Орданы Қазақ хандығының саяси және тарихи негізі ретінде бағалайды.

«Ең алдымен, табылған археологиялық жәдігерлер олардың қай елдерден келгенін көрсетеді. Бұл сол кезеңдегі экономикалық және саяси байланыстардың болғанын дәлелдейді. Мысалы, Сарай қаласының аумағын салыстырсақ, ол ортағасырлық Лондон сияқты астаналардан да үлкен болған. Халқының саны мен жер көлемі жағынан да ауқымды еді. Бұл деректер Еуразияның дәл ортасындағы қазақ даласында қалалық мәдениеттің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл өңір арқылы маңызды сауда жолдары өткен», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Айбек Шалғынбеков.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алтын Орда мұрасын терең зерттеу қажет екенін бірнеше рет көтерген. Кейін Астанада дәуірді зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өтіп, оған Мемлекет басшысы арнайы қатысқан болатын. Сол кезде Президент Алтын Орданың Батыс пен Шығысты байланыстырған ірі саяси құрылымға айналғанын айтып, оның тарихы әлі де көптеген іргелі ғылыми зерттеулердің негізі болып қала беретінін атап өткен. Тарихшылардың айтуынша, мұндай зерттеулер өткен тарихымызды терең тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, ел игілігі үшін тың ғылыми жаңалықтардың ашылуына да жол ашып отыр.

«Зерттеу жұмысының негізгі нәтижесі – мемлекеттік басқару, яғни қазақтың күні кеше емес, Қазақ хандығына дейін, ау бастан этникалық топтардың Алтын орданың құрамында болғандын растайтын бірінші себеп. Екіншіден, бұл – мемлекеттіліктің сол кезден бүгінге дейін жүйелі қалыптасқан кезеңі. Сонымен қатар біз – ұланғайыр даламыздың Алтын орда кезеңінен бүгінге дейін иесі екеніміздің нақты дәлелі.  Алтын Орда тарихынан ғалымдарымыз анықтап, нақтылап алып шықты», – деді тарихшы Айдос Жанат.

 Сондай-ақ тарихшылар зерттеу барысында жинақталған мәліметтер мен ғылыми тұжырымдарды келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған жұмыстарды қазірден бастап жүйелі түрде қолға алу қажет екенін айтып отыр.

«Алтын Орда тарихын ашып,  ашық түрде және түсінікті тілде ешқандай жасырмайұрпаққа жеткізуді нақтылап қолға алуымыз керек. Ал ол үшін қазіргі технология және біздің жас ғалымдардың тікелей жасаған шешімдерін және ғалымдардың еңбектерін оқулыққа енгізуіміз керек. Біздің Қазақстан тарихындағы Алтын орда деген тақырыпты кең көлемде нақты және мазмұнды түрде балаларға жеткізуіміз керек», – деді Айдос Жанат.

Айта кетейік, Алтын Орда мұрасы бойынша халықаралық симпозиумның қорытындылары 10 маусымда Парижде ЮНЕСКО-да толық таныстырылды.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Отбасы – бақыт мекенім: Мегаполисте әке мәртебесі мен бала тәрбиесі талқыланды

Новости партнеров