Тарихы, мәні, міндеті: ұлт ұлысқан ұлық мейрам жайында ғалымдап пікірі қандай

Тарихшылардың айтуынша, Наурыз мейрамы Орта Азияда кемінде үш мың жыл бұрын пайда болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көктемнің алғашқы лебі, күн мен түннің теңелген сәті. Табиғатпен бірге адамзат та жаңарып, жаңа үмітке қадам басатын кезең. Бұл – тамыры тереңде жатқан Наурыз мейрамы. Қазақстан халқы «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес, Ұлыстың ұлы күнін биыл үшінші жыл он күн бойы тойлап келеді. Көрісуден басталып, тазару күніне дейін жалғасатын бұл мерзімде дәстүр дәріптеледі, әдет-ғұрып насихатталады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тарихшылардың айтуынша, Наурыз мейрамы Орта Азияда кемінде үш мың жыл бұрын пайда болған. Бұл күні жұрт ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды ақ тілекпен қарсы алған. Араздасқандар татуласып, үлкендерден бата алу – мейрамның басты дәстүрлерінің бірі. Тарихы тым тереңде жатқан ізгілік пен мейірім мейрамының «Наурыз» деп аталуы да бекер емес. Көпшілік оның парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағына беретінін біледі.

«Бұл парсы халықтарының кезінде шаруашылық өмірге байланысты пайда болған. Егер уақыт жағынан алсақ, біздің эрамызға дейінгі 3-4 мың жылдық тарихы бар. Мүмкін одан да терең болуы мүмкін. Ал енді түркі халықтары мен парсы халықтары жақын болғандықтан бір-біріне мәдени жағынан, дәстүр жағынан, шаруашылық жағынан ықпалы болған», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев.

«Наурыз мейрамының ең басты идеясы – тазалық. Сондықтан ескі нәрселердің барлығын өртеп, жаңа нәрселер алып, отбасында, мекемелерде, ауылдарда жаңалықтар болып жатса, бұл нұр үстіне нұр болатын еді. Мысалы, қазақтар бұрын ескі киімдерін өртеген жаңа жылдың алдында, жаңасын алған», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Жеңіс.

Көшпелі өркениет үшін табиғатпен үндестік – басты қағиданың бірі. Сондықтан Наурыз мейрамы тек адамзаттың емес, бүкіл тіршіліктің жаңару кезеңі деп бағаланған. Бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу сияқты игі істер де дәл осы күндері жасалған. Сондай-ақ дана халқымыз Наурыз қарсаңында болатын кез келген табиғат құбылысын, ауа райындағы өзгерістерді тек жақсылыққа балаған.

«Тазару деп жаңа отырған ағашымыздың түбіне ақ құямыз. Өйткені мал төлдеп, ақ тамаққа аузымыз жеткенде, қасымызда тұрған табиғаттың өзі дәметеді. Сондықтан табиғаттың өзіне «ақ құю» рәсімін жасаймыз. Ұрпаққа көрсетіп жатқан үлгіміз, ізгі ниетіміз – тәрбие негізі» – деді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.

Наурыз жаңа сипат алып, кең көлемде тойланып келеді. Этнографтардың айтуынша, мерекенің мәнін тек сахналық іс-шаралармен шектеп қою жеткіліксіз. Оның терең мазмұнын, тәрбиелік маңызын ұғындыру келер ұрпақ алдындағы келелі міндет екенін айтып отыр.

«Президентіміз 3 жыл болды Наурызнама деген бағдарламаны енгізіп жатыр. Оның ішінде қазақ халқының ұлттық асыл қасиеттерін дәріптейтін 10 іс-шараны қойып отыр. Бұлардың бәрінің астарында мыңдаған жылдар бойғы қазақ халқының асыл қасиеттерін құраған мән жатыр. Мән ол тарихи сабақтастық, тарихи үздіксіздік және сыйластықты көрсетеді», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміндегі мейрам Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия мен Иран сынды бірнеше мемлекетте кең көлемде атап өтіледі. Өйткені, жаһандану дәуірінде ұлттық кодты сақтау – басты міндеттің бірі. Ал Наурыз – ұмыт қалған құндылықтарды жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіретін мүмкіндік, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір.

Сая Меңдеке, Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды алматылықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Новости партнеров